МАМАН КЕҢЕСІ: ҚАРЛЫ БОРАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 14.02.2020
Оқылды: 2371
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Басқан жері сықырлап, келіп қалды" демекші, міне, қыс мезгілінің де соңғы күндері өтуде. Ақ мамығымен ерекшеленетін бұл мезгілдің өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың ең бастысы, боран соғып, қар кептелуі сияқты табиғи құбылыстар.

Бұл құбылыс жолдар мен ғимараттардың қармен кептеліп қалуымен сипатталады. Кептелудің биіктігі 1 метр, ал таулы аумақтарда 5-6 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл кезде жолдардағы көру қашықтығы 20-50 метрге дейін қысқарып, шатырлардың бұзылуы, электр және байланыс сымдарының үзілуі байқалады.

Қар кептелуі мен боран кезінде төмендегідей дайындық қажет:

- Егер сіз қатты боран туралы ескерту алсаңыз, есік-терезелерді, шатырдағы люкті, желдету тетіктерін мықтап жапқан дұрыс.

- Екі күндік су, тамақ және дәрі-дәрмек қорын, автономиялық жарықтандыру құралдарын (фонарь, керосин және май шамдары), батареялық радиоқабылдағыш дайындап қою керек.

- Теледидарды және радиоқабылдағышты қосып қойыңыз, себебі, жаңа қажетті ақпарат берілуі мүмкін.

Қатты боран кезінде жасалатын іс-қимыл мынадай:

- Үйден тек ерекше жағдайда шығуға болады. Жалғыз шығуға болмайды. Отбасы мүшелеріне, көршілеріңізге қайда кеткеніңізді, қашан оралатыныңызды айтып кетіңіз.

- Көлікпен тек үлкен жолдар мен магистральдарда қозғалуға болады. Көліктен шыққанда көру қашықтығынан ұзамаңыз. Жолда тоқтап қалғанда дабыл сигналын басыңыз. Көліктегі авариялық сигналды қосып, антеннаға ашық түсті матаны байлап қойыңыз және көмекті тек көліктің ішінде күтіңіз. Көлікті оталдырып қойып, көміртегі тотығынан уланып қалмас үшін терезені сәл ашып қойыңыз.

- Егер сіз елді мекеннен сырт жерде жаяу жүріп, бағдар жоғалтып алсаңыз, бірінші кезіккен үйге кіріп, өзіңіздің қай жерде екеніңізді біліп, боранның басылғанын күтіңіз.

- Егер сіздің күш-қуатыңыз таусылса, баспана немесе ық жер тауып, сол жерде қалыңыз. Бөтен адамдармен кездескенде сақ болыңыз, себебі, осындай табиғат апаттары кезінде көліктерді, үйлер мен ғимараттарды тонау саны күрт өсіп кетеді.

- Егер сіз қатты қар кептелуінде қалып, ғимаратта оқшауланып қалсаңыз, үрейленбей өз бетіңізше ғимараттан шығу жолын қарастырып көріңіз. Егер өз бетіңізше шыға алмасаңыз, құтқару қызметіне хабарласыңыз (112).

Үсіп қалған кездегі алғашқы көмек:

- Үсік шалған кезде жылы бөлмеге кіріп, үсіп қалған жерді кебу әрі жұқа матамен уқалап, жылы суға салыңыз және судың температурасын ақырындап 40-45 градусқа дейін көтеріңіз. Егер ауырғаны кетіп, сезімталдық сезіле бастаса, қолды немесе аяқты кептіріп сүртіп, шұлық немесе қолғап киіңіз. Парацетамол дәрісін қабылдап, ыстық шай ішкен дұрыс.

- Есіңізде болсын, үсіп қалған жерді спиртпен немесе қармен ысқылауға болмайды, терінің зақымдануы немесе инфекция түсуі мүмкін. Үсік шалғанда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгінген абзал.

Құрметті тұрғындар! "Сақтықта қорлық жоқ" демекші, ауа райының қолайсыз, боранды, аяз күндері өміріңізді қауіп-қатерге тікпей, тиісті органдардың хабарламаларына құлақ асуларыңызды сұраймыз.

Төтенше жағдайлар орын алған кезде тәртіпті сақтау, өзіңізді саналы ұстау мен қарапайым техника қауіпсіздігі қағидаларын орындау – сіз бен біздің амандығымыздың кепілі.

Е.АҚСАМБАЕВ,

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Қазселденқорғау» ММ «ЖААПБ» филиалы Қапал ӨПБ басшысы

Сурет ғаламтордан алынды