ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 41 ҚАУІПТІ АУМАҚ БАР

Уақыты: 14.02.2020
Оқылды: 1357
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Журналистер үйінде Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Су тасқыны кезеңіне дайындық және жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыбында брифинг өткізді.

Шара облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахашовтың баяндамасымен бастау алды. Ол:

– Алматы облысында 407 гидротехникалық құрылым, су тасу қаупі жоғары 41 аумақ бар. Бүгінде облыстық комиссия мүшелері аудандарды аралап, тұрақты түрде тексеру жүргізуде. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында 96 гидропост орнатылды. Сондықтан, жағдай қалыпты. «Қазгидрометтің» ақпаратына сүйенсек, ақпан айының екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде  5-15 градусқа дейін суық болады, күндіз 0-5 градусқа дейін жылынады. Айдың аяғында ауа температурасы 12 градусқа дейін көтеріледі – дей келе, жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Ерлан Дүйсенханұлы жылыту кезіндегі өрт қауіпсіздігі, тілсіз жаудың алдын алу шаралары туралы айтып өтті. Облыста өткен және осы жылдың екі айын қосқанда 109 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалынның салдарынан 4 адам қайтыс болып, 2 адам жарақат алған.

Десе де, бұл өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмендеген. Мамандар су тасқыны жүретін ең қауіпті су учаскелерін анықтап, барлық су қоймаларының техникалық жабдықтарын тексеріп, қар суы қапыда қалдырмас үшін қарқынды қызмет атқарып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түрлі жиындар өткізгендігін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Айдын НҰРШАНОВ

Алматы облысы