ДЕПУТАТ: "ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫМЕН КЕЛГЕН ЖЕР ЗАҢЫМЕН ҚОРҒАЛАДЫ"

Уақыты: 16.02.2020
Оқылды: 785
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ қашанда әділдікті, адалдықты, шынайылықты, туралықты ұстанған халық. Түзуді терістеп, дұрысты кері бұрмақ болғандардың пиғылын алысқа ұзатпай өз ішінде шешкен. Сондықтан да болар, сергек ойлап, ақылын араға салған батыр бабаларымыздан «у ішсең руыңмен» деген тәмсіл қалған. Соған орай әлдебір бұзықтың өрескел әрекетін ауылдастары, туыстары, елі сыртқа шығармай лайықты жазасын беріп отырған. Қысқасы, біртұтас мемлекет деңгейіне шыққалы өз ішімізде ел бұзатындай бүліктің шықпағаны анық.

Бірақ өткен аптада Қордай ауданында орын алған шетін оқиға Қазақстан Республикасының бірлігі мен ынтымағын көре алмайтын ұлыстардың бар екенін байқатты.

Күллі әлемнің назарын аудартқан оқиғаның тұрмыстық жанжалдан  басталып, ушыққаны анық. Тексеріс барысында Масаншы ауылын кесіп өтетін күрежолда болмашы себептен төбелес болып, қақтығыстың содан басталғаны айтылып, бір ақсақалды екі баласымен ұрып-соғып, ауыр жарақат салған дүнген жастарының оспадарсыз қылығына тәртіп сақшыларының дәрменсіздік танытуы жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырғаны белгілі болды. Соған орай бітіспеске қадам басқан қос тараптың жастары қиян-кескі төбелеске барып, ақырында бүтін бір ауыл отқа оранды, он шақты адам ажал құшты. Сол өңірдегі Әлжан ана ауылының тұрғыны Дархан Әбдірахым қақтығыстың зардабынан қаза тауып, ата-анасын, бала-шағасын зар жылатып кете барды.

Қордай қақтығысынан қашып, шегара асқан халықты тыныштандыру мақсатында арнайы құрылған комиссияға төраға болып барған Бердібек Сапарбаев ертеңінде Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Мәселенің аяқсыз қалмайтынын ұғындырған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айыптылардың жазаланатынын ескертті. Арнайы құрылған комиссия заң бұзғандарды жазалауда біржақты кетпесіне біз де сенеміз. Яғни, қазақ жастары ұлтаралық араздықты тудырушы, ал дүнгендер жәбірленуші болып қалмауы керек.

Жалпы, бұл оқиға бойынша айтылған пікір, дәлелденген көзқарас көп. Алайда солардың ішінде арнайы комиссия құрамында Қордай ауданына барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың әлеуметтік желіге жариялаған мәлімдемесі көп жайдың басы ашылғанын, ұлтаралық қатынасқа салқынын тигізетін, көлеңке түсіретін мәселелердің бар екенін әйгіледі.

Шынында, бұған дейін көпшілік білмейтін жайттар – дүнген ұлты жастарының әскерге бармайтыны, мемлекеттік тілді менсінбейтіні, күрежолды меншіктеп алғандығы, мешіттерінде діни уағыздың дүнген тілінде жүретіні, ұлттық мереке – Наурызды тойламайтыны, мектеп ұстаздарына қысым көрсететіні назардан тыс қалмайтынын айтқан халық қалаулысы мәселені тереңнен зерттеп, зерделеу қажеттігін алға тартыпты.

Жергілікті халықтың басындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді анықтап, мектеп, аурухана, жол мәселелерін шешу бойынша үлкен жұмыс жасалуы керектігін айтқан Бақытбек Смағұл сөзінің соңын: «Қазақтың қанымен келген жер заңымен қорғалады. Қазақ бағынған заң дүнгенге де, басқасына да ортақ. Мемлекет ішінен мемлекет құру деген қарау пиғылдың тамырына балта шабылуға тиіс!» – деп аяқтапты. Одан асырып айта алмаспыз. Ал көптің тілейтіні – тыныштық!

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Сурет ғаламтордан алынды