ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР НЬЮ-ЙОРК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ГРАНТЫН ҰТЫП АЛДЫ

Уақыты: 19.02.2020
Оқылды: 850
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Балауса Тұрсынбек пен Құндыз Мұхтар Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің грант иегері атанды.

Мектептің 12-сынып оқушылары бір апта бұрын Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, әңгімелесу кезеңінен сәтті өтіп, әлемдегі рейтингі жоғары оқу орнына қабылданды.

Абу-Дабидегі Нью-Йорк университеті гуманитарлық-зерттеу университеті болып саналады. Бұл білім ордасында өнер, гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар және инжиниринг бойынша 22 пән оқытылады.

- Университет әлемдегі ең жоғары талаптарға ие. Таңдау өте қатал болды. Екі күн бойы біз тестілеуден өтіп, университет профессорларының сабақтарына қатыстық. Мектеп бітіргеннен кейін «Биотехнология» мамандығы бойынша бакалавр бағдарламасын оқып шығуды жоспарлап отырмын», -  деп Балауса болашақ жоспарларымен бөлісті.

Құндыз Мұхтар «Компьютерлік технологиялар» факультетінде оқуын жалғастыратын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"