ЗАЙСАНДАҒЫ ШУ: ҚЫТАЙ ШЕГАРАСЫНАН БІРДЕ-БІР КІСІ ӨТПЕГЕН

Уақыты: 20.02.2020
Оқылды: 1530
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Сарытерек және Айнабұлақ ауылының тұрғындары жиналып, наразылыққа шықты. Олар Қытайдан келгендерді коронавирусқа байланысты осы ауылдардағы медициналық пункттерге орналастырады екен деген анық-қанығы белгісіз хабарды бір-бірінен естіп, өре түрегелген. Бұл туралы www.egemen.kz жазды.

Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданының бас дәрігері мен оның орынбасары Сарытерек ауылының тұрғындарына әлдебір бұйрықты көрсетіп, осы бұйрық негізінде ауылдағы амбулаторияға Майқапшағай шекара бекетінен бері қарай өткен азаматтарды 14 күнге жатқызып, бақылау жасайтыны, тіпті, ауылдағы амбулаторияға төсектерді кіргізіп қойғаны жайында айтылған бейнематериал тарады.

Ауыл тұрғындары: «Мұны аудан басшылығы бізге неге алдын ала ескертпейді? Неге түсіндіріп айтпайды? Біз бұған қарсымыз», - деп өз наразылықтарын жеткізді. Содан кейін түнгі 11-лер шамасында Зайсан ауданы әкімі бастаған, аудандық прокурор, Ішкі істер бөлімінің басшылары, аудандық аурухананың бас дәрігері ауыл тұрғындарымен кездесуге барды.

Бұл туралы Зайсан аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев: «Халықпен кездестік. Түсіндірдік. Халық «Төсектерді алып кетіңдер» деп талап қойды. Көліктерді апарып, төсектерді алып кетті. Сарытеректе халық тарады. Ал Айнабұлақта халық қайта жиналғаннан кейін бардық. Төсектердің бәрін тиеп, алып кетті. Қазір халық тарап жатыр. Халық: «Түсіндіру жұмыстарын жүргіңіздер», - деп талап етіп отыр. Ертең бұйырса, келеміз», - деген еді.

Бүгін таңертең жағдайдың мән-жайын білу үшін Зайсанға Өскеменнен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, алаңдаған жұртпен кездесті.

- Қазіргі уақытта Қытай шегарасынан бірде-бір кісі өткен жоқ. Бірден айтайын, шегарадан басқа елдің азаматтары өтпейді. Екіншіден, біз шегарадан тек қазақстандықтарды ғана өткізуіміз керек. Өйткені, олар біздің елдің азаматтары. Олар 14 күн бақылауда болуы керек, - деді Даниал Ахметов.

Облыс әкіміне аудан тұрғындары тарапынан: «Кеше аудан әкімін сағат 3-тен бастап күттік. Түнгі сағат 11 жарымда келді. Жергілікті билік халықпен санаспайды», «Қытайдан келетіндерді неге аудандық ауруханаға емес, ауыл ауруханасына орналастырмақ?», «Біз шекараның жабылуын талап етеміз» деген пікірлер айтылды.

Жергілікті белсенді азаматтар облыс әкіміне аудандық Мәдениет үйінде халыққа жағдайды түсіндіруді сұрады.

Зайсан ауданы

Шығыс Қазақстан облысы