АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СӘУЛЕТ САЛАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Уақыты: 21.02.2020
Оқылды: 1105
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінде жұмысы қызып тұрған мекеменің бірі облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасы екенін жұрт жақсы біледі. Күн сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп, елді мекендерді өркендетудің жобалары атқарылған сайын аталған мекеменің жүгі де салмақтана түседі. Сол үшін мекеме тізгінін білімі мен білігі терең, тәжірибесі жетік, жұмыста шыңдалған адамның ұстағаны жөн. Осындай жауапты қызметті енді Тәңірберген Дәркенбаев атқаратын болды.

Жаңа басшыны ұжымға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов таныстырып, өмірі мен қызметтік өсу жолын және тәжірибесін айтып өтті.

– Тәңірберген Садықұлы 1965 жылы туған. 1989 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Содан кейінгі жылдары жауапты қызметтер атқарды. Ең бастысы, облыс пен Талдықорған қаласының құрылыс саласы Тәңірбергенге жақсы таныс. Өйткені, ол әр жылдары қала, облыс, республика деңгейіндегі мекемелерде шыңдалып, жан-жақты тәжірибе жинақтаған азамат. 2018 жылдың тамыз айынан бастап атқарған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шаруашылық басқармасы филиалы директорының орынбасары қызметінен облыстық басқармаға басшы болып келіп отыр, – деді Лаззат Махатұлы.

Иә, «Көре-көре көсем болады» деген халық нақылына сенсек, Тәңірберген Садықұлы көпті көріп, көңіліне мол тәжірибе ұялатқан басшы. Әсіресе, қала құрылысы саласында білетіні көп маман екендігі еңбек жолынан көрініп тұр. Демек, ол енді сол жиған-терген тәжірибесін құрылыс саласы күн сайын өркендеп келе жатқан Жетісу өңірін дамытуға жұмсайтын болады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы