"ДҰРЫС ЕМЕС": МИНИСТР ЖАРНАМАШЫЛ ӘНШІЛЕР ТУРАЛЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 25.02.2020
Оқылды: 939
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықтың біразы алданып қалған қаржы пирамидаларын жарнамалаған эстрада және спорт жұлдыздарының әрекетіне қатысты "Қазақпаратқа" пікір білдірді.

- Әрбір адамның құқығы бар. Сонымен қатар, заңды да бұзуға болмайды. Сондықтан, құқық қорғау органдары мәселенің мән-жайны анықтар деген ойдамын. Өзімнің көзқарасым: қандай істермен қандай шаруамен шұғылдануға қатысты әр адамның өз құқығы бар. Бұл дұрыс емес. Өйткені ол кісілерге деген қоғамның үлкен жауапкершілігі, сүйіспеншілігі бар. Сондықтан, осындай нәрселерге аса назар аударып, абай болу керек, - деді Ақтоты Райымқұлова тілшілерге берген сұхбатында.

Бұл сөзін ол Үкімет отырысынан кейін айтқан. Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидалары мен ломбардтарға алданған қазақстандықтардан арыз-шағымдар әлі де түсіп жатқанын мәлім еткен болатын. Салымшылардың санын көбейту үшін компаниялар Қазақстан эстрадасының және спорт саласының жұлдыздарын тартып, ауқымды жарнама жүргізген.

- Бүгінге дейін 2 мыңға тарта шағым түсті. Компаниялардың аймақтардағы барлық кеңсесіне тінту жүргізіліп, бірлескен жұмыс туралы келісімдер, бухгалтерлік құжаттар, ноутбук, кеңсе техникасы, зергерлік бұйымдар мен өзге де заттар тәркіленді. Тәркіленген құжаттарға сәйкес компаниялар 42 мың адаммен келісімге келген. Қазіргі есеп бойынша шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңге болып отыр, - делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"