"ТҰРҒЫН ҮЙ МАҢЫНДА ОТ ЖАҚПАҢЫЗ": ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР КЕҢЕСІ

Уақыты: 24.03.2020
Оқылды: 1176
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл сайын жеке тұрғын үйлердің иелері көктемгі демалыс күндері аумақты жинаумен айналысады. Жиналған қоқыстарды арнайы бөлінген орындарға апарып, үйілген құрғақ шөптерді бақылап жағады. Кей адамдар көбінесе құрғақ шөптерді өз аумағында немесе жақын маңда, автожолдар бойында және елді мекендердің шетіндегі учаскеде жаңа және жақсы өсімдіктер өседі деген үмітпен жағады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 336 бабына сәйкес, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды өртеу кезінде өрт қауіпсіздігін бұзу болып табылады. Мұндайда құзырлы орган ескерту немесе жеке тұлғаларға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын тағы да баса айтады.

Статистика бойынша, көктемгі-жазғы қауіпті кезеңде болған өрттің 90 пайыздан астамы құрғақ шөптерді жағу, құрылыстарға жақын маңдағы қоқыстарды өртеу, сөндірілмеген темекі тұқылдары, балалардың отпен ойнауынан туындайтыны анықталып отыр.

Құрғақ шөп бойынша желді ауа райы кезінде оттың таралу жылдамдығы он есеге ұлғайып, түрлі құрылыстарға, көлікке, саяжай және үйлерге жетіп, үлкен материалдық шығын келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіреді.

Көктем басталысымен облыстық төтенше жағдай департаментінде 180 гектар аумақта жанып жатқан құрғақ шөпті сөндіруге 130-дан астам шығу жұмысы тіркелді, олардың көпшілігі мереке және демалыс күндері орын алды.

Осыған байланысты облыстық төтенше жағдай департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтауға мынадай кеңес береді:

– тұрғын үй мен бағбандық учаскелерге іргелес аумақты алдын ала құрғақ шөптен және қоқыстан тазартыңыз;
– тұрғын үй құрылыстарының аумағында, сондай-ақ, орман алқаптарының жанында қоқыстарды тастауға жол бермеңіз;
– тұрғын үйлерде, саяжай учаскелерінде және орман алқаптарында қоқыстарды жақпаңыз;
– өртке қауіпті кезеңде от жағуға болмайды және орманда ашық отты қолданбаңыз, темекінің қалдығын тастамаңыз;
– балалардың отпен ойнауын барынша тоқтатыңыз;
– сөндірілмеген алау қалдырмаңыз. Оны мұқият сумен өшіру немесе құм себу керек.

Алматы облысы төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі

Сурет ғаламтордан алынды