АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА ЖАСАНДЫ ТЫНЫС АЛДЫРАТЫН 83 АППАРАТ ҚАЖЕТ

Уақыты: 25.03.2020
Оқылды: 977
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен кезекті селекторлық отырыс өтті. Оған аудан, қала әкімдері, басқармалар мен департамент басшылары, мекеме өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров бірінші кезекте көктемгі дала жұмыстары туралы есеп берді. Серікжан Іслямұлы облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне мониторинг жүргізу және бағаны ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл үшін резервтер барын, барлық жерде ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізілетінін, тұрғындар сатып алатын қажеттері дүниелер жеткілікті екенін атап өтті.

Алайда облыстың бірқатар өңірінде әлі күнге көкөніс пен жеміс, жарма және басқа да өнімдер көрсеткіші анықталмаған. Нәтижесінде, бағаны заңсыз көтеру фактілері бар. Мұндай көрініс, мысалы, Сарқан ауданында байқалады. Амандық Ғаббасұлы жағдайды шұғыл түрде түзету қажеттігін атап өтті. Оған қоса, облыс аудандарында қажетті азық-түлік бағасы әр түрлі болуы дұрыс еместігін, бағаны бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, облыс басшысы шағын бизнеске қолдау көрсету, эпидемиологиялық жағдайға байланысты уақытша пайдаланылмайтын алаңның жалдау ақысын кейінге қалдыру немесе алып тастау үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін тапсырды.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қазіргі кездегі өзекті мәселе - қауіпті дерттің алдын алу турасында сөз сөйледі. Оның айтуынша, бүгінде облысқа 27 жасанды тыныс алдыру аппараты (ИВЛ) жеткізіледі деп күтілуде. Алайда тағы да осындай 83 аппарат қажет. Қазірше аймақта жеткілікті төсек-орын бар. Қажет болған жағдайда оны 11 мыңға жеткізуге болады. 24 наурыздан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығы тек қана қашықтықтан қызмет көрсетуге көшті. 26 наурыздан бастап барлық мектепке дейінгі мекемелер жабылады. Қазір ең бастысы – вирустың таралуына тосқауыл қою, жұқтыруды азайту.

Жиын барысында облыс басшысы тұрғындардың арасынан әлеуметтік жәрдемақы төлеуді қажет ететінін анықтау қажет екенін атап өтті. Отырыста елді мекендерге кіреберістерде жұмыс істейтін өткізу пункттері қызметкерлерін ыстық тамақпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жиында әрбір айтылған мәселе бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, олардың орындалу мерзімдері нақтыланды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы