ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА 109,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Уақыты: 26.03.2020
Оқылды: 949
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ жұмыссыздар мен жұмыстан қысқартылғандарды еңбекпен қамту үшін басқарма басшылары және аудан әкімдерімен жиын өткізді.

Жалпы, жұмыссыздықты болдырмау, аймақты дамытуға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында облысқа республикалық бюджеттен 109,2 млрд.теңге бөлінген. Жиын төрағасы Амандық Ғаббасұлы аудан әкімдеріне аталған қаржы бизнесті жүргізу жобасы бойынша бөлінетінін айтты.

- Уақыт беремін. Жобаларыңызды ұсыныңыздар. Құрылыс жүргізетін компания жергілікті жерден болсын. Сол маңдағы адамдар еңбекке тартылсын. Сырттан компания, жұмыс күші келмеуі тиіс. Ондай жағдай орын алса, шара қолданамын. Жұмысқа орналастыру жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында тіркелген адамдарды еңбекке тарту негізінде іске асырылуы тиіс. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 27306 адам еңбекпен қамтылуы тиіс. Қай жерде қандай жұмыс басталды, неше адам жұмысқа орналастырылды, сол бойынша ақпарат беріп тұрыңыздар, - деді Амандық Ғаббасұлы.

Қаржы негізінен жол жөндеу, әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және ирригацияға бөлінеді. Жиын төрағасы аудан әкімдері мен жауапты басшыларға Ақсу мен Көксу аудандарындағы қант зауыттарының жұмысын жандандыру, қызылша алқабын кеңейту, өнімділікті арттыру, қант қызылшасының қалдығын мал азығына қолдануды тапсырды. Биылдан бастан тәтті түбірдің әр гектарынан 400 центнерен өнім алу міндеттелді. Облыс басшысы жергілікті әкімдерге биылғы халық алдындағы есеп беруде тұрғындардан түскен ұсыныс-тілектерді орындауды басты орынға қоюды жүктеді. Биыл ирригациялық жүйе, яғни, алқаптарға арық, су жүйелерін тарту жандандырылады.

Жиында белгілі болғандай, елдегі төтенше жағдайға қарамастан көктемгі егіс, құрылыс, әлеуметтік сала, мектеп, аурухана салу жұмыстары өз деңгейінде жүргізіле береді. Жұмыс қарқыны күшейтіледі.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы