"ТӨЛЕЙДІ": ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ДЕ БЕТПЕРДЕ ТІГУГЕ ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ

Уақыты: 26.03.2020
Оқылды: 919
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар жаппай медициналық бетперде тігіп жатыр. Осылайша сотталғандар коронавирустың таралуына қарсы күреске өз үлесін қосуда.

Осыған орай Алматы облысындағы Заречный, Жауғашты ауылдарындағы түрмелерде бетперде тігу жолға қойылды. Қазіргі таңда 200-ге жуық сотталған екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Қосымша 50-ге жуық жазасын өтеуші үйретілуде. Жауғаштыдағы әйелдер колониясында бетперде матасын кесіп, пішіп дайындап берсе, Заречный түрмесінде тігін машинасымен тігіп, ілгішін тағып, стерильдеу жұмысы жасалуда.

Әр сотталушы әуел баста 5-10 бетперде шығарған. Қазір күніне 70-80 бетперде әзірлейді. Ал тәулігіне 7,5-8 мың дана тігіледі.

«ЛА155/8» мекемесінде жазасын өтеп жатқан Алмас есімді азамат та бірнеше күнде бетперде тігудің шеберіне айналды.

- Covid-19 пандемиясымен күресуге сотталғандар атынан үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл жерде ақшамызды төлеп жатыр. Мемлекет бізге тапсырыс берді. Одан басқа Үкімет алдында арымыз таза болу үшін, біз, кейбір сотталғандар өзіміздің бір күндік жалақымызды халқымызға көмекке бердік, - дейді сотталушы.

Алматы облысындағы түзету мекемелеріне 150 мың бетпердеге қажет мата жеткізілген. Мұнан бөлек, жазасын өтеп жатқандардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қорғаныс заттары таратылып тұрады.

"ҚАЗАҚПАРАТ"