КОРОНАВИРУС: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТҰРҒЫНДАРДЫ ТӘРТІП САҚТАУҒА ШАҚЫРДЫ

Уақыты: 27.03.2020
Оқылды: 782
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Коронавирус жұқпасының алдын алу барысында «Достық» және «Қорғас» шегара бекеттері уақытында назарға алынып, дәріленді. Жол дезинфекцияланды. Соның нәтижесінде, шегаралас аумақ кеселден аман. Бұл туралы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН өткен жиында айтылды.

Қазіргі таңда ел бойынша барлық қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Жеке адамдардың жауапсыздығы әр жерде орын алатыны қынжылтады. Ал кейбір мекемелер алдын алу шараларын бастап та кетті. Ол басқаларға үлгі болуы тиіс. Мысалы, «Филип-Моррис», «Эфес» компаниялары жұмысшыларына арнап жатақхана жасап берген. Жұмысшылар төтенше жағдайға байланысты үйлеріне қатынамай, жатақханада жатып жұмыс істейді. Бейсенбіден бастап облыста балабақшалар және халыққа қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды.

Облыс әкімі жиын барысында тойханалар мен сауда орындарының әлі де тығылып жұмыс жасап жатқанын айтып, рейд жүргізуді тапсырды. Заң бұзғандардың қатаң жазаланатынын еске салды. Басқосуда медициналық бетперделер мәселесі де айтылды. Бетперде алдымен медицина мамандарына, полицейлерге және коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне беріледі. Облыста коронавирусқа байланысты жедел желі ұйымдастырылады. Оған түскен ақпарат бірден жауапты мамандардың назарына алынады. Сондай-ақ, жағдайы ауыр отбасыларға көмектесемін дегендердің арнайы қорға қаржы аудара алатыны назарға салынды. Кімнің немесе қай мекеменің қанша қаржы аударғаны бұқаралық ақпарат құралы және интернет арқылы барша жұртқа жарияланады. Сондай-ақ, жауапты мамандарға «Алтын орда» базарындағы тәртіпті тағы бір қайтара қадағалау тапсырылды.

Дезинфекция барлық жерге, барлық нысанға жасалады. Полиция қызметкерлері тәртіпті қадағалауды күшейтеді. Арнайы бекеттерден қашып, басқа жерлерден өтіп жатқандар жазаланады. Ондайлардың алды заңға тартылып та жатыр. Аудан әкімдері өз өңірлері бойынша төтенше жағдайды қадағалауды күшейтеді. Міндетіне немқұрайды қараған мамандар ел қауіпсіздігіне жаны ашымағаны үшін жауапқа тартылады.

– Тәртіп керек. Басқа елдердің басынан өткен жағдай бізге сабақ болуы керек. Мысалы, Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында елін аман алып қалды. Ал, Италияда мыңдаған адам көз жұмып жатыр. Тәртіп керек! Тағы да айтамын төтенше жағдай өз деңгейінде жүргізілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Басқосуда санитарлық бекеттер мен сауда орындарында дәрігерлік тексеру жүргізілетіні, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыс, қала, аудан әкімдері және тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейтіні сөз болды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды