КОРОНАВИРУС: ҚАРАТАЛ АУДАНЫН ДҮРЛІКТІРГЕН ЕКІ ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 29.03.2020
Оқылды: 1149
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаратал ауданында коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды. «Үштөбе қаласының екі тұрғыны коронавирус инфекциясына шалдыққан», - деп "WhatsApp" желісі арқылы жергілікті тұрғындар арасында аудиожазбамен қауесет таратқан азаматшалар анықталды.

Бұл ақпарат мессенджердің өзге топтары арасында тез тарап, мыңнан астам жергілікті тұрғын қарап үлгерді. Желдей ескен аудиожазба ешкімді де бей-жай қалдырмады. Онсыз да үрейленіп отырған Үштөбе қаласының тұрғындары дүрлігіп сала берді. Даурыққан жұрт ақпараттың рас-өтірігін анықтамастан байбаламға салынып, жазбаны одан ары таратқан.

Осыны растау мақсатына дереу іске кіріскен жауапты тұлғалар ақпараттың жалған екенін анықтады. Осыған орай аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны дереу тексеруге кірісіп, елді дүрліктірген ақпаратты таратушылар бірден анықталып, ұсталды.

Олардың бірі қоғамдық жұмыспен қамтылған, 1985 жылы туған А. есімді Үштөбе қаласының тұрғыны. Екіншісі 1972 жылы туған И. есімді Ұмтыл ауылының тұрғыны. Ол орталық аудандық ауруханада медицина қызметкері болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда азаматшалардан жалған ақпарат таратқандары үшін жауап алынып жатыр.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабының 4-бөлігіне сәйкес, «Төтенше жағдай кезінде көпе көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Онда 3-тен 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

"Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, елді дүрліктірмей тыныш жүргендері абзал еді. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылатындығы жайлы құқық қорғау органдары бір емес, бірнеше рет ескерткен болатын. Әйтсе де, желдей ескен жалған сөз ел арасын аралап жүр. Бұл жақсылыққа апармайды. Сондықтан, барынша абай болғанымыз абзал. Қазақ атам: «Бір елі ауызға, екі елі қақпақ», - деп бекерге айтпаған.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы,

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды