КОРОНАВИРУС: КҮНІНЕ 600-800 КӨЛІК ХЛОР ЕРІТІНДІСІМЕН ЖУЫЛАДЫ

Уақыты: 29.03.2020
Оқылды: 1007
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Тәжтажалдың» жолын кесіп, індеттің алдын алу мақсатында еліміздің бар аймағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Аты жаман індеттің ошағына айналған Алматы қаласына карантин жарияланғалы бері онымен шегаралас аудандарда да залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді.

Осыған орай, алып шаһардың күн шығысымен иықтасып жатқан Талғар ауданында Гүлдала, Қызылту-1, Бесағаш ауылдарынан 3 блок-бекет қойылды. Мұнда Алматыдан аудан аумағына кіретін көліктер түгелдей залалсыздандырылады.

- Бүгінде еліміздің басына төнген індеттен сақтануға сала мамандары жұдырықтай жұмылдырылды. Бұл жұмысқа көршілес Ұйғыр, Райымбек және Кеген аудандарының ветеринар мамандары көмекке келіп, қол ұшын беруде. Бұл іс-шараға 4 залалсыздандыру, 2 су тасығыш көлік пен 42 адам қатыстырылуда. Үш блок-бекеттен күніге қаладан ауданға кіретін 600-800-ге таяу көлік түгелдей хлор ерітіндісімен жуылып-шайылуда. Сонымен қатар, екі күн бойы Талғар ауданындағы орталық базар, аудандық аурухана, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, аудандық әкімшілік ғимараты, «Алмалы» спорттық кешені, аудандық «Қазпошта» бөлімшесі, саябақ сынды адамдар көп жүретін жерлер залалсыздандырылды. Бұдан кейін Талдыбұлақ, Белбұлақ, Бірлік ауылдарының пошта бөлімшелері мен әкімшілік ғимараттары, мектептері мен мешіт маңайлары, ауылдық амбулатория ғимараттарына дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Енді бұл жұмыстар басқа да ауылдық округтерде жалғасын табады, - дейді Талғар аудандық ветеринария станциясының бастығы Сағындық Парпиев.

Тынымсыз атқарылып жатқан дезинфекция жұмыстарына тартылған адамдар екі ауысымда жұмыс істеуде. Залалсыздандыруға күніге 25-30 келі хлорлы дәрі-дәрмек жұмсалады. Осы уақытқа дейін ауданда 5500 шаршы метр аумақ дезинфекцияланған.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы