ТАЛҒАР АУДАНЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗІЛЕДІ

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 1471
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Коронавирустың ошағына айналған Алматы қаласымен іргелес талғарлық тұрғындардың да түн ұйқысы тыныш емес. Жер-жаһанды жайлаған жаман індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – медициналық бетперде тағу екендігіне ерекше көңіл аударған ауыл тұрғындары осы күні дәріханалардан бетперде таба алмай тығырыққа тіреліп отырғандықтарына налиды.

Ел-жұртқа үрей үйірген індеттен ұлт болып ұйысып, өз-өзімізді, жақындарымызды, жалпы жұртты сақтау жолында аудандағы №49 орта мектептің мұғалімдері бетперде тігу мәселесін мықтап қолға алғанын жазған болатынбыз.

Бұл игі бастаманы өзге де мектеп мұғалімдері мен ата-аналар, зейнет жасындағы ақ жаулықты аналарға дейін жалғастырып, күніге жүздеген бетперде тігіп, тұрғындарға тегін үлестіре бастаған. Алайда халық саны 200 мыңнан асатын талғарлықтарға бұл, әрине, аздық етеді. Жаман індетті жұқтырғандар санының күннен күнге артуы тұрғындардың әрбірін алаңдатып, әбігерге салуда десек еш артық айтқандық емес.

- Аудан бойынша бетперденің тапшылығы сезілуде. Осы тығырықтан шығу үшін Талғар қаласындағы «Глазман», «Зета», «Клотвел», «Текстимаркет» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларының басын қосқан аудан әкімі Жолан Омаров оларға бетперде тігуді ұйымдастыруды тапсырды. Осы өндіріс орындарынан тігілетін бетперде жуық арада түгелдей аудандағы дәріханаларға таратылып, бетперде тапшылығын жоюға жұмсалатын болады, – дейді бізбен байланысқа шыққан Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев.

Аты жаман індетті жұдырықтай жұмылғанда ғана жеңеміз. Әзірге, жалпыға ортақ міндет – еш себепсіз, бей-берекет жүруді шектеп, санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтауға баса назар аударған жөн.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды