"ХАТ АРҚЫЛЫ ДА САБАҚ ОҚУЫМЫЗ МҮМКІН": МИНИСТРДІҢ ҰСЫНЫСЫ

Уақыты: 04.04.2020
Оқылды: 765
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен селекторлық отырыс өтті. Жиынға Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ және жедел штаб мүшелері қатысты.

Селекторлық отырысты жүргізген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин көтерілетін бес тақырыпты атап, жауапты тұлғаларға сөз берді. Жалпы жиында өңірлердегі карантиндік шараның сақталуы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», қашықтан оқыту және азық-түлік қорының жай-жапсары, төтенше жағдайға аймақтағы әскери қызметкерлердің тартылуы жайлы әңгіме қозғалды.

Бірінші болып Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов баяндама жасады. Әлем бойынша вирусты жұқтырғандар қатары күн санап өсуде. Қазіргі уақытта дәрігерлер вирустың таралуын тоқтату мақсатында аянбай күндіз-түні күресіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, өңірлерде бөлінген арнайы емханалардың талапқа сай болуын қатаң қадағалау қажеттігін атап өтті. Санитарлық тазалықты сақтау және ауаны тазартып тұратын желдеткіштердің үздіксіз жұмыс істеуіне жіті көңіл бөлуді тілге тиек етті.

Ал Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев төтенше жағдайда барлық аймақта залалсыздандыру жұмысына әскерилердің тартылып жатқанын жеткізді.

– Қарулы Күштер бірінші күннен бастап әртүрлі міндеттерді орындауда. Қазірдің өзінде елдегі 24 қалада 10 мыңға тарта әскери қызметкер жұмылдырылған. Олар патрульдеу, дезинфекциялау және тағы басқа қажетті шаралардың бәрін атқарып келеді. Бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар 2 мыңға тарта нысан тазартылды.

Министрдің айтуынша, қорғаныс саласы Денсаулық сақтау министрлігіне көмек көрсетіп, қазір облыста әскери-далалық аурухана орналастырылған.

Бұдан кейін сөз алған Білім және ғылым министрі IV тоқсанда қашықтан оқытудың бірнеше жолын ұсынды. Ол радио және телеарналар арқылы өткізілетін сабақтар, білім беру интернет-ресурстарын пайдалану, шағын жинақты мектептердегі дәстүрлі оқыту форматы және тағы бір бағыт – «Қазпоштамен» хат арқылы екенін атап өтті.

Оқу уақыты басталғанда интернет жүйесімен онлайн режимде оқытуға арналған бағдарламаның толықтай жұмыс атқара алмайтындығы жайлы сөз болды. Барлығы бір уақытта қосылған кезде интернет трафик жүйесі қатып қалып, мәселені күрделендіріп жібереді.

Осыған байланысты Премьер-Министр Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов пен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевқа шұғыл арада жұмысты қайта қарап, халыққа нақты ақпарат беруді тапсырды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мен өңірлердегі азық-түлік қоры жайлы да нақты ақпарат беріліп, жұмыс өз деңгейінде атқарылып жатқандығы айтылды.

– Шағын және орта кəсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі, ол экономикалық өсім мен жұмыс орындарының маңызды көзі саналады. Біздің бағалауымызша, жалпы ішкі өнім құрылымындағы шағын жəне орта бизнестің үлесі 29,5 пайызды құрайды. Бұл секторда 3 млн.-нан астам адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті негізгі қолдау «Бизнестің жол картасы-2025» жəне «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. Былтыр жəне биыл осы бағдарламалар бойынша қолдауға ие болған кредиттік портфельдің жалпы көлемі 372 млрд.теңгені құрап, 5,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Елімізде төтенше жағдай енгізілуі аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен шұғыл шаралар топтамасы әзірленген. Бұл жұмыс ауқымында жоғарыда аталған екі бағдарлама бойынша түпкілікті заемшы үшін сый- ақы мөлшерлемесі сәйкестендірілді. Енді аталған бағдарламалар бойынша кредит құны 6 пайыздан аспайтын болады. Бизнес жобаларын кеңінен қамту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды, – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Жиын соңында Премьер-Министр нақты тапсырмаларды жүктеп, барлық облыс басшылары мен министрлерге жұмысты одан ары ширатуды тапсырды. Бұдан кейін облыс әкімі Амандық Баталов басқарма басшылары мен орынбасарларына аталған мәселелерді басшылыққа алып, жұмысқа жауапкершілікпен кірісу керектігін айтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ