Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАУЫРЖАН ОСПАНОВ АУЫЛДАҒЫ КӘСІПОРНЫН БЕТПЕРДЕ ТІГУГЕ КӨШІРДІ

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1009

Айдынды Алакөлдің атымтайы Бауыржан Оспанов та халыққа көмек көрсетіп жатыр.

Алтын жүректі кәсіпкер Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылдық округіндегі «Ауыл өнері» тігін цехін толықтай бетперде тігуге көшірді.

Барлығы 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған кәсіпорында күніне 1000 дана бетперде дайындалуда.

Айта кетерлігі, олардың барлығы көпреттік және екі қабатты. Сырты кәдімгі мата болса, іші дәкеден әзірленген. Бір күн тағып, артынша жуып, зарарсыздандырып, қайтадан пайдалана берсеңіз болады. Құны да қолжетімді. Цехтан 100 теңгеден, дәріхана мен дүкендерден 120 теңгеден ала аласыз.

Қазіргі таңда тігін орны Жыландыға жақын орналасқан өзге де округтерге бетперде жекізуде. Ауылдағы ағайынға бұл үлкен көмек. Себебі, қой-ешкісінің қамын күйттеп, қоңырқай тірлік кешкен тұрғындарға қалада тігілген бетперделер жете бермейді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы