КОРОНАВИРУС: ҚАРАСАЙЛЫҚ ӘСКЕРИ МІНДЕТТІЛЕР АЛҒАШҚЫ БОЛЫП САПҚА ТҰРДЫ

Уақыты: 07.04.2020
Оқылды: 1094
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Елді сүйсең, ерлік істейсің» демекші, ел басына күн туған шақта әскери есепте тұрған азаматтардың көмегі ауадай қажет.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 сәуірде "Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру" туралы Жарлық шығарған болатын. Осындай жауапты іске бел буған ерлердің арасынан Алматы облысы бойынша қарасайлық азаматтар алғашқылардың бірі болып шықты.

Олар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім алдында сап түзеп, қалтқысыз қызметке сақадай-сай екендіктерін, сондай-ақ, БІЗ БІРГЕМІЗ деп ұрандатып, белсенділік танытты.

200-ден астам өтініш білдірген әскери міндеттілердің ішінен 78 азамат денсаулықтарының жарамдылығы мен отбасылық жағдайларына байланысты арнайы іріктеліп алынды. Барлығы да өз еркімен келген айбынды азаматтар деуге негіз бар.

Осылайша ел үмітін атқаратын ерлеріміз әскери қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тізім бойынша түгенделіп, Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тұрақтады. Өйткені, дәл осы орталық азаматтарымыз үшін арнайы казарма ретінде жабдықталған. Келе сала, әрбірі  құжаттарын өткізіп, әскери формаларын түгендеп, темірдей тәртіпке қайта оралды. Азаматтардың барлығы да аудан бойынша іріктеліп алынғандықтан, бір ортаға топтастырылды.

Енді олар адамдардың қауіпсіздігі үшін қызмет атқарып, осы казармада Қарасай ауданы әкімінің шешімімен ең аз дегенде 10 күн немесе 3 айға дейін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"