"ДҮКЕНГЕ БІР АДАМНАН КІРГІЗЕДІ": ПОЛЬШАДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАТ ЖОЛДАДЫ

Уақыты: 08.04.2020
Оқылды: 1245
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әкем үнемі «Жетісу» газетін қолынан тастамай оқып жүреді. Отбасы, бала тәрбиесі, жастар жайлы тақырыпта өзі де мақала жазып тұрады. Біздің де газет оқуымызды тікелей қадағалайды. Ата-анамның тәрбиесінің арқасында көп дүниеге қол жеткізіп келемін. Сол үшін ол кісілерге алғыс қана айтамын.

Ата-анама деген сағынышымның астарында туған елге деген махаббат жатыр. Өйткені, дәл қазір Польша мемлекетінің Домброва Гурнича қаласында жүрмін. Халықаралық жоғары бизнес академиясында білім алып жатырмын. Елдің, жердің, ағайын-туыстың қадірін шетел асып жүргенде қатты түсінеді екенсің. Осыған көзім жетті. Бірақ текті елдің ұрпағы болғандықтан, қиындыққа оңай берілмегеніміз абзал.

Қазір күнделікті ел жаңалықтарын қалт жібермей көріп, оқып отырмын. Індет біздің қасиетті жерімізге жеткенін естігенде, жүрегім ауырып, қабырғам қайысты. Қай жерде жүрсем де, елге жоламаса деген тілек тілеп жүріп едім. Өкінішті-ақ. Бірақ әр істің жақсылығы болады емес пе? Сабырлықпен төзіп, қиыншылықты еңсеруіміз керек.

Польша мемлекеті де сақтық шараларын күшейтіп, карантин жариялады. Тәртіпке бағынуға бәріміз міндеттіміз. Медициналық көмек те, азық-түлік те жеткілікті. Тек біршама қымбаттаушылық орын алды. Құзырлы органдар бақылауға алып, түрлі шара қолданып жатыр. Бірге тұратын достарым елдеріне қайтты. Мен шекара аспай, елдің тыныштығын, амандығын тілеп осында қалдым. Мұның барлығы уақытша қиындық екеніне, бұлт артынан жарқырап күн шығатынына да сенімдімін.

Бұл қалада жастар көп, егде тартқандар тым аз. Олар мүлде далаға шықпайды. Аптасына 1 күн азық-түлік алуға дүкенге шығамын. Дүкенге тек бір адамнан ғана кіргізеді. Медициналық бетперде, медициналық қолғап болуы шарт. Дүкен алдында қолды антисептикпен жуып, сатушымен екі метр қашықтықта сөйлесеміз. Барлығы осы тәртіпті бұлжытпай орындайды. Қоғамдық көлік дегеніңізде адам жоқ. Қала тым-тырыс. Тәртіп қатал. Егер тәртіпті бұзсаңыз, заң алдында жауап бересіз. Сол үшін қала көшелерінен артық адам кездеспейді.

Таяуда дүкенге барар жолда танысымды көріп, қуанып, амандасуға қасына бара жатып едім, қол бұлғап қаша жөнелді. Араға уақыт салып: «Ренжіме, карантин ғой. Тәртіпке бағынуға міндеттіміз», - деп хабарлама жіберді. Мен оған ренжімедім. Қайта досымның осындай жауапты екеніне қатты риза болдым.  

Талдықорған қаласында да коронавирустың алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілгенін естіп, қуандым. Себебі, сақтықта қорлық жоқ. Халқымның осы бір ауыз сөзі жанға медеу. Тұрғындар амандығы үшін қолға алынған бұл жұмысты дұрыс түсінуіміз керек. Бірақ достарыммен хабарлассам, көпшілігі медициналық бетпердесіз көшеде жүр. Бетперде тағу керектігін айтсам: «Талдықорғанда жоқ. Құдай сақтасын», - деп қояды.

Олардың бұл қылықтарына қарап жүрегім ауырды. Жауапкершілікті сезінбегендеріне қапаландым. Құдай сақтансақ қана сақтайды емес пе? Адамнан әрекет болмаса ісінен қандай берекет болады? Осыны неге түсінбей келеміз? Сәл де болса терең ойланайықшы. Қазір барлық адамзат қауіп пен қатердің үстінде тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жалғыз жол – жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын ұстанып, үйден шықпай отыру. Осыған бағынған мемлекеттер ғана бұл індеттің бетін қайырып жатқанын естен шығармайық. Ал біз әлі бұл шындықтың бетіне тіке қарай алмай келеміз. Өкіндіретіні де осы ғой.

Қазақ деген текті халықтың болашағы СІЗ бен БІЗГЕ байланысты. Қауіптің алдын алып, оған тосқауыл қою үшін айтқан талапқа бағынып, тәртіпке мойынсұнуымыз керек. Қолымыздан бір сәтке де тастамайтын телефонның ішінде әлемді зар жылатқан кесел жайлы сансыз ақпарат желдей есіп жүр. Осыған көңіл бөліп қарап, көрген дүниені санамызға сіңіріп, бір уақыт жауапкершілік жүгін арқалап көрейікші. Адам жауапкершілікті бірінші өзінен бастамаса нәтижесі болмайтыны анық. Ойланайық.

ҚАЗАҚҚА АДАМЗАТТЫҢ, ҚАЗАҚТЫҢ АМАНДЫҒЫ МАҢЫЗДЫ. ЗАМАНДАСТАРЫМА ҚАСИЕТТІ ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАСАҚ, ТӘРТІПКЕ БАҒЫНУДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН БҮГІННЕН БАСТАЙЫҚ ДЕГІМ КЕЛЕДІ. СЕБЕБІ, ЕРТЕҢ ТЫМ КЕШ БОЛУЫ МҮМКІН. АДАМЗАТ ОСЫ ІНДЕТТЕН АМАН ҚАЛСЫН ДЕП ТІЛЕЙМІН! СІЗ ДЕ ТІЛЕҢІЗ!

Бақытбек СЕРІКҰЛЫ,

Польша Республикасы

Сурет ғаламтордан алынды