ТАЛДЫҚОРҒАНДА АРЗАНҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК САТАМ ДЕГЕН АЛАЯҚ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 09.04.2020
Оқылды: 770
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған полицейлері төтенше жағдайды пайдаланып, сатушыларды алдап, алаяқтықпен пайда таппақ болған күдіктіні ұстады. Қазіргі таңда оның осыған ұқсас бірнеше қылмыстық дерекке қатысы бары дәлелденді. Жәбірленушілердің тізімі әлі де артуы мүмкін. Бұл жайында Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талдықорған қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне сауда орталықтарында сатушы болып қызмет еткен төрт азаматша бейтаныс ер адамның төмен бағамен азық-түлік ұсынып, олардан ақша алғаннан кейін жасырынғаны туралы арызданған. Барлық деректер ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 1-бөлігіне сәйкес тіркелді.

- Күдіктіні жәбірленушілер бірден таныды. Көксу ауданының 41 жастағы тұрғыны коронавирустық індеттің таралуына байланысты азық-түліктің қымбаттауы туралы қауесетті пайдаланып, өзінде жоқ болса да, күнбағыс майы мен қантты арзан бағамен өзгелерге ұсынған. Сатушылардан алдап алған ақшаны ол өз қажеттілігіне жұмсаған, - деп хабарлайды Талдықорған қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Дархан Қазақбеков.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция күдіктінің дәл осындай іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарға жақын жердегі полиция бөлімшесіне баруын немесе 102 арнасы бойынша, сондай-ақ, 8-7282-60-80-67; 60-80-66 телефондары арқылы хабарласуын сұрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды