ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҮШ КЕҢЕС ҰСЫНДЫ

Уақыты: 04.05.2020
Оқылды: 3032
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл сайын көктем келіп, күннің ысуымен төтенше жағдайдың қауіпті кезеңі басталады. Былтыр облысымызда құрғақ шөптің жануынан 300-ге жуық төтенше жағдай орын алса, тұрғын үйлер мен құрылыстарға от өту салдарынан пайда болған 10 оқиға тіркелді.

Құрғақ шөптің жануы, ең алдымен, ауылдық елді мекендерде және ормандарда, дала алқаптарында елеулі өрт тудыруы мүмкін. Сол сияқты автожолдар ауданында түтін басу жол-көлік жағдайын күрделендіреді. Жанып жатқан шөптен шыққан күйдіргіш түтін денсаулыққа, әсіресе, ыстық ауа райы жағдайында өте зиянды.

Өрт кезінде тек өсімдіктер ғана емес, жәндіктер, құрттар да өледі. Бұл жалпы экожүйеге зиян келтіреді. Осындай жанудың негізгі себептері көбіне фермерлер мен бақташылардың ашық отты қалдыруы болып табылады. Ауылшаруашылығы кәсіпорындарының арасында шөптерді өртеу құнарлы топыраққа және бай өнімге әкелуі мүмкін деген пікір бар. Алайда, құрғаған шөптерді мақсатты түрде күйдіру топырақтың жақсаруына ықпал етпейді. Себебі, бұл ретте органикалық өлі заттар жанады және өсімдіктерді қоректендіруге қажетті азотты қосылыстар жоғалады. Бұл “өлі” топырақтың пайда болуына әкеледі, жердің құнарлылығы айтарлықтай төмендейді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 336-бабына сәйкес өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды өртеу кезінде өрт қауіпсіздігін бұзу ескерту немесе жеке тұлғаларға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі бойынша келесі ережелерді қатаң сақтау қажет:

- Үй жанындағы аумақтардан құрғақ шөптерді және тұрмыстық жанатын қалдықтарды тазалаңыз.

- Электр дәнекерлеу және ашық отты қолданумен байланысты басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігінің барлық нормалары мен ережелерін қатаң сақтаңыз.

- Елді мекендердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың аумағында құрғақ шөп пен жанғыш қоқыстарды жағуға болмайтынын ескеріп, темекі шегудің қатаң бөлінген жерлерге тасталуын және мұқият сөндірілуін қадағалаңыз. Сондай-ақ, балаларға сіріңкемен ойнауға рұқсат бермеңіз.

Егер сіз өрттің куәгері болсаңыз немесе жанып жатқан шөпке куә болсаңыз немқұрайды қалдырмаңыз. Дереу “101” немесе “112” телефондарына хабарлаңыз. Мүмкіндігінше, оны сөндіру шараларын қолданыңыз. Өрт сөндіру орнын тек қана өрт қайтадан жанбайтынына көз жеткізгеннен кейін тастап кетуге болады.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі

Сурет - ғаламтордан