ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ - СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН АСА МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Уақыты: 12.05.2020
Оқылды: 1537
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Коронавирустық инфекцияның одан ары таралуын болдырмау мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті наурыз айының 16-нан бастап озық сандық білім беру технологияларын қолдана отырып, толығымен қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Бұл, ең алдымен, студенттердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам.

Жоғары оқу орнының заманауи IT-инфрақұрылымы барлық студенттерді қашықтан оқытуға мүмкіндік береді. Ол үшін «ZOOM», «CISCO WEBEX MEETINGS», «Google Classroom» сынды ақпараттық-білім беру бағдарламалары пайдаланылып, көпшіліктің игілігіне жарауда. Бағдарламалық кешен арқылы пәндердің курстары мен оқу-әдістемелік кешендерінің базасы қалыптастырылып, жеке немесе топтық дәрістер өткізу, тапсырма беру, орындалуын қадағалау, курсты меңгеру дәрежесін бағалау сияқты мүмкіндіктер қамтылады.

Қашықтан білім беру кезінде студенттермен кері байланыс жүргізу мақсатында оқытушылар бейне, онлайн дәрістерден бөлек Mentimeter, Quizlet, Кahoot сияқты қосымшаларды пайдаланып, жаңа қосымшалардың мүмкіндігі мен тиімділігін көріп отыр. Атап айтсақ, Quizlet әдісі студенттердің білімді электронды әдіспен толықтыруына және тексеруіне, жаңа сөздер мен терминдер үйренуге, ережелерді есте сақтауына мүмкіндік береді. Электронды білім тексеру жолы саналатын бұл қосымша арқылы білім алушылар жұмысты оқытушының қатысуымен немесе өзі жеке орындай алады. Жұмысты орындап болған соң дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, ұпай беріледі. Соған орай білімін тексеріп, уақытын үнемдейді, пәнге деген қызығушылығы артады.

Ал Kahoot қосымшасы арқылы әртүрлі пікір қайшылығы мен көзқарас әралуандығын аудитория ішінде шешуге болады. Тіпті, тест тапсырмаларын сурет, видеомен жасай аламыз. Мысалы, оқытушы компьютер арқылы бір мезетте бір тестті әртүрлі гаджеттерді қатыстыра отырып жасай алады. Бұл қосымша арқылы сабаққа бір мезетте 30 студенттің қатысу мүмкіндігі бар. Әр тақырып бойынша білімді бекітуге, тексеруге көмектесетін веб сервистегі сайыс кезінде өзара байқау ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар, қашықтан оқыту мақсатында әлеуметтік желілер арқылы немесе электронды пошта арқылы сілтеме жіберіп, студенттердің білімін тексеруге ыңғайлы.

Алтын уақытын үнемдеп, әрбір сәтті тиімді қолдануды көздеген университет оқытушылары қашықтан білім беру кезінде осындай қосымшаларды қолданып, жаңа тақырыпты студенттердің қалай меңгергенін тексереді. Ал http://prepod.zhgu.edu.kz:8056/login сілтемесі арқылы білім алушылардың әр аптада өткен тақырыптары бойынша жүктелген тапсырмалар тексеріліп, қадағаланады.

Ендігі мақсатымыз – «ZOOM», «CISCO WEBEX MEETINGS», «Google Classroom» сынды ақпараттық-білім беру платформалары арқылы бітіруші студенттердің кешенді мемлекеттік емтихандары мен дипломдық жұмыстарын, магистранттардың магистрлік диссертациясын қорғауын ұйымдастыру. Бұл платформалар 4-курс студенттерінің педагогикалық іс-тәжірибесінің қорытынды конференциясын өткізуге, магистранттардың магистрлік диссертацияларын алдын ала қорғауда сәтімен қолданылып, сынақтан өткізілді.

Қорыта келгенде айтарым – оқытушылардың озық сандық білім беру технологияларын қашықтан оқыту кезінде тиімді қолдануы олардың біліктілікті жоғарылату курстарынан алған тәжірибесін дұрыс пайдалануының нәтижесінде жүзеге асты.

Әлия АҚЖОЛОВА,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ физика кафедрасының меңгерушісі

Сурет ғаламтордан алынды