ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЕРЕКШЕ ЕҢБЕК СІҢІРІП ОТЫР

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 776
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар топырағында бірнеше ұлт өкілі түтін түтетуде. Татулық пен бірлікті ту еткен құт мекенде 2 саяси партияның филиалы, 46 мәдени бірлестік, 50-ге жуық үкіметтік емес ұйым өзара әріптестікте жұмыс істеуде.

– Қазақстандағы барлық этнос өкілдерінің мүддесін қамтамасыз етуші ұйым құру туралы идеяны алғаш рет Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Осы себепті, біздің аудандағы этномәдени орталықтардың қатысуымен көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылып, достық пен бірлікті, татулықты нығайтуға ұйытқы болып отырғанын ерекше атау ләзім, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гаухар Сәлімбаева. – Ауданымыздағы грек, түрік, ұйғыр, славян, беларусь, корей этномәдени бірлестіктері ішкі саяси тұрақтылықты қалыптастыру үшін өз үлесін қосуда. Ұзақ жыл бойы табандылықпен еңбек етіп келе жатқан грек этномәдени бірлестігінің басшысы Константин Муратиди, ұйғыр этномәдени бірлестігінің басшысы Имин Тохтахунов, түрік этномәдени бірлестігінің басшысы Аббасалы Исмаиловтардың ұлттар достығын нығайтумен қатар мемлекеттік тілді дамытуға қосып отырған еңбектері ерекше. Сонымен қатар, қайырымдылық іс-шараларына да белсене атсалысып келеді.

Аталған этномәдени бірлестіктер жыл басынан бері ауданда өтіп жатқан мәдени-көпшілік іс-шараларға, атап айтқанда, құрбан айт, рождество, масленица, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні сынды мерекелік шараларда ұлттар достығын паш етіп, ұлттық мәдени мұралардың салтанат құруына септігін тигізіп келеді. Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайтындығын тарих әлдеқашан дәлелдеген. Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр.

«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» деген. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Біздің отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Сондықтан, ортақ Отанымыздың жарқын болашағы жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, таулық пен бірлікте тіршілік ету – бүгіннің басты мақсаты. Бұл жолда этномәдени бірлестіктердің атқарар шаруасы аз емес.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы