ЕРІКТІЛЕР ТӘУЛІК БОЙЫ ПОСТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АС-АУҚАТ ЖЕТКІЗЕДІ

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 702
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күллі әлемді дүрліктірген «COVID-19» вирусының әлегі елімізді де алаңдатып отыр. Күн өткен сайын жұқпалы дертке шалдыққандардың қатары көбеймесе азаймай тұр. Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың мерзімін ұзартып, халықты сабырға, үйде отыруға шақырды. Қазір кең-байтақ Қазақстанның барлық өңіріндегі ірі қалалар карантинге жабылып, жұртшылықтың қауіпсіздігіне қажетті шаралар қолға алынуда.

Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейінгі барша халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбектеніп жатқан жандардың қатарында дәрігерлер, полиция қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық сала мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары бар. Атап айтсақ, облыс орталығы Талдықорған қаласына төрт тараптан орнатылған – Алматыдан, Қаратал, Ақсу аудандарынан, Қарабұлақ кентінен келетін күрежолдардың бойына 4 санитарлық бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

Ондағы мамандар кезекпен Талдықорған тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жұмыс істеуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік РЖҚ штабы «lider.kz» деп аталатын облыстық еріктілер қозғалысымен бірге эпидемиологиялық жағдайға байланысты 4 санитарлық бекеттегі полиция және СЭС қызметкерлеріне облыс орталығындағы «Partyfood», ТОО «Fortuna food» және «Freshsu» компанияларының өнімдерін жеткізіп беріп, қажетті ас-ауқатпен қамтамасыз етіп келеді. Блок-бекеттер жұмысының тоқтамауына, елімізде жарияланған төтенше жағдайдың уақытымен аяқталуына түрткі болу, мамандардың еңбектерін ескеруді көздеген еріктілер бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізіп отыр.

Бұл шынында теңізге тамған тамшыдай ғана игілікті қадам. Себебі, қазіргідей ел басына күн туған шақта адамдар бір-біріне қамқорлық танытып, азаматтар арасында мейірімділіктің қаншалықты қажет екендігін ұғынып отырмыз. Ендеше, жақсылық жасауға ұмтылып, өскелең ұрпақты дұрыс тәлім-тәрбие алуға жұмылдырайық.

Маржан БЕКІШЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан