КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕС ЕЛДІ МЕКЕНГЕ КІРІП-ШЫҒУ ТОҚТАТЫЛДЫ

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 1036
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеген ауданында тағы үш азаматтан COVID-19 анықталды. Сөйтіп, Кеген ауданында коронавируспен ауырғандар саны 6-ға жетті. Осыған байланысты Кеген ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы Қаулысы шығып, Кеген ауылы уақытша карантинге жабылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі мәлімдеді.

Пациенттер - 1957, 1971 және 1987 жылы туған азаматтар. Олардың 2-еуі бұған дейін ауырған сырқатпен байланыста болғандықтан Кеген аудандық орталық аурухананың провизорлық бөлімінде карантинде болатын. Жаңа шыққан 3 науқас Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды.

Бір күннің ішінде Қапшағай өңірінде COVID-19 індетін жұқтырған 13 адам тіркелді. Олардың 5-еуі Қапшағай қаласында, 6-уы Заречный ауылында анықталса, 2-еуі – Атыраудан жеткізілген «Теңізшевройл» ЖШС-нің вахталық жұмысшысы. Ауырғандардың үлкені 1958 жылы туған азамат, кішісі - 8 айлық бала.

Бүгінгі күнге Қапшағай өңірінде жалпы саны 15 адам тіркеліп отыр. Осыған байланысты Қапшағай қалалық штаб шешімімен Заречный кентіне карантин енгізілді. Анықталған науқастардың барлығы тиісті ем алу үшін медицина мамандарының бақылауына алынды.

Қазіргі кезде олармен байланыста болған 187 адам анықталды, оның 24-і – жақын байланыста болғандар, 163-і – сыртта қарым-қатынаста болғандар. Олар қазір оқшауландырылып, эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде.

Бүгінде Алматы облысында осымен бес елді мекенге карантиннің күшейтілген режимі енгізілген. Карантинге жабылған елді мекендер: Жаркент, Есік қалалары және Шелек, Кеген, Заречный ауылдары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"