"САНАП БЕРШІ, ҚАНЕ?" ҚАЗАҚСТАНДА 130 ҰЛТ БАР ДЕГЕН ТҮСІНІК ТҮБІРІМЕН ҚАТЕ

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 972
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Афина Олимпиадасының күміс жүл­де­гері, WBC, WBA, IBF тұжы­рым­да­­ма­сының әлем чемпионы атанған Ген­­на­дий Головкин 2013 жылы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының XX сес­сия­сын­да сөз сөйлеп, «менің ұлтым тура­лы сұрағанда, былай деп жауап бере­мін: әкем – орыс, шешем – корей, ал мен – қазақпын!» деп саңқ ете қалғаны есімізде.

Алты құрлықты аузына қаратқан, шарта­раптың түкпір-түкпірінде жан­күйер қолдауына ие боксшының бұлай ағынан жарылуы бекер емес. Шар­шы алаңдарда атой салып жүрген «Май­құдықтың майталманын» күллі әлем қазақ деп біледі. Madison Square Garden-де Генаны қазақ бокс­шы­сы деп таныс­тырады. Өз елінде бүкіл қазақстандық GGG-ді ерекше құрметтейді, жеңісіне қуа­нып, сәтсіздігіне күйінеді. Ендеше Го­лов­кин­нің «Мен қазақпын!» деп жар салуы шын көңілден шыққан ыстық лебіз еке­ні сөзсіз.

Сочи Олимпиадасының қола жүл­дегері, марқұм Денис Тен де сұхбат­тарының бірінде өзін қазақ деп есеп­тей­тінін айтқанын ұмытқанымыз жоқ. «Мен, ең әуелі – қазақпын. Ойым да, тү­сінігім де, әрекетім де. Мен осын­да тудым. Шетелде қабылдаған шеші­мімді Қазақстанда жүргендей қабыл­дай­мын», деп айтқан еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елі­міз­де­гі велоспорт туралы жазып жүрген журналист әріптесіміз Facebook-тегі па­рақ­шасында шағын сауалнама жасады. Онда «Әлем кубоктарында же­ңімпаз атанған тұңғыш қазақ кім?» және «Әлем кубоктарында жеңімпаз атанған тұңғыш қазақстандық кім?» деген екі сұрақ болған-ды. Шетелдік әріптестеріміз екі сұраққа да Александр Винокуров деп жауап беріпті.

Еліміздің сайыпқырандары қаты­са­тын кез келген спорт шетелдік арнадан қарасаңыз, комментаторлар біздің атлеттерді «қазақ» деп атайды. «Қазақ футболшысы Финонченко, қазақ қызы Ольга Рыпакова» дейтініне талай куә болдық. Яғни өзгелер үшін қолында Қазақстан паспорты бар азаматтың бә­рі қазақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында «Информ­бю­ро» сайтына берген сұхбатында осы мәселеге тоқталған-ды. Президент еліміздегі этносаралық келісім түсінігін қайта қарап, Қазақстан аумағын мекендеген бүкіл этнос өкілдері бір тудың астына жиылуының өзектілігін түсіндірді. «Осы жерде тұрып жатқан халық, этностық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр», - деген еді Мемлекет басшысы.

Ұлыбританияның беделді оқу орындарының бірі UCL университетінде оқып жүргенде бір дәріс ұлт пен этнос тақырыбына арналған еді. Сабақ барысында Қазақстан көп ұлтты мемлекет екенін айтып мақтанған едік. Ұстазымыз Майлс Муней сөзімізді бөлмей тыңдап, қарсы сұрақ қойды.

– Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады дейсің. Соларды санап берші, қане?!

Қапелімде ойға келмей абдырап қалсам да, ұлт пен ұлыс өкілдерін санамалай жөнелдім. Бірақ қанша тырыссам да, тізімді әупірімдеп жүріп 30-ға әрең толтырдым. «Ұялған тек тұрмас» демекші, «қалғанын ұмытып отырмын» деп жауап қаттым. Мұқият тыңдап отырған Майлстың мына сөзін ешқашан ұмытпайтын шығармын.

– Қазақстанды 130-дай ұлт мекен­дей­ді дегенді белгілі бір тұрғыда түсінуге келеді. Әйтсе де, мына нәр­се­ні есіңде сақта. Лондон – бүкіл әлем астанасы атануға лайық. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жыл са­йын миллиондаған адам қоныс ауда­рады. Салыстырып қарасақ, мұнда өмір сүретін этнос өкілдері Қазақс­тан­дағыдан әлдеқайда көп. Бірақ біз ешқашан Англия көп ұлтты мемлекет деп мақтанбаймыз. Қазір ғана өз елің­дегі ұлттар санын отызға әрең жет­кіз­дің. Алайда олардың бәрі – еліңнің азаматы. Қазақстанда бір ғана халық, бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ халқы, – деп әңгімесін түйіндеді қарт ұстаз.

Бұдан кейін ұлт пен этнос ұғым­да­рының түп-төркініне үңіліп, жан-жақ­ты талқыладық. Ғылым тілінде «Ұлт – ортақ тіл, аумақ, тарих, этнос не ортақ мәде­ниет қалыптастырған қоғам». АҚШ-та кеңінен қолданылатын «Блэктің заң сөздігінде» ұлт ұғымына «нақты территорияны мекендеп, тәуелсіз мемлекет, егеменді саяси елді мекендеген адамдар» деп түсініктеме береді. Ал «этнос – өз дамуының бастапқы кезеңінде аумағының біре­гей­лігі, бірдей тілге негізделген мәде­ниетінің, шаруашылық-тұр­мыс­тық ерекшеліктері болуы, өзіне тән бір­қатар белгілері бар тарихи жағынан қа­лып­тасқан әлеуметтік топ».

Осы күнге дейін алқалы жиындар­да «Қазақстанда 130-дан астам ұлт ме­кендейді» деп талай мәрте айтылды. Алайда жоғарыдағы талап­тар төңірегінде тұжырымдасақ, Қа­зақ­стан­­дағы ұлт белгісі де, этнос ұғымы да қазақ ұлтының шеңберіне ғана сәйкес келеді. Қазақ этносы бабалардан мұраға қалған біртұтас Ұлы даланы мекен­деп, халық ретінде қалыптасты, жетіл­ді. Мұны Ата заңымыздың бас­тауында «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып», - деп жазылған преамбула да айғақтайды.

Қазақ этносының мәселесін нақ­тыла­дық. Ендеше қалған «129 ұлт» қайдан шықты? Жоғарыда келтірген ғылыми тұжырым еліміздегі басқа диаспора өкілдерін ұлт деңгейіне көтеруге мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Бәлкім статистикалық деректер Қазақстанды қанша диаспора мекендейтінін анық­тау­ға көмектесер?

Сандарды сөйлетейік... 2009 жылғы Халық санағына сүйенсек, «тоғызыншы территорияны» 120 диаспора өкілі мекендейді. Бұл – ресми мәлімет. Яғни Қазақстанда 130-дан астам ұлт бар деген түсінік түбірімен қате екенін ресми статистика дәлелдейді.

Деректерге тереңірек үңілсек, Қазақ­­стан­да саны 10 мың адамнан аса­тын тек 20 диаспора бар екенін бай­қай­мыз. Бұған 10 миллионнан асқан қазақ этносын қосыңыз. Сонда ха­лық­тың 16 миллионын небәрі 20 диаспора мен қазақ этносы құрап отыр. Бұл – 2009 жылғы дерек. Содан бері Қазақстан халқы 18 млн-нан асып, қазақ этносы 12 млн-ға жетті.

Қалған 100 диаспораның үлесі 96 мыңнан сәл ғана асады екен. Мысалы, 2009 жылғы Халық санағында елімізде 1 вепсі, 1 ижор, 1 ульча тұратыны көрсетілген. Бір қызығы, бүкіл әлемде 3000-дай ульча бар. Олар негізінен Ресейді мекендейді. Ал и­жор­­лардың саны мыңға да жетпейді.

Салыстырып қарасақ, көрші Ресейде 197 этнос өкілі мекендейді. Канадада 250-ге жуық диаспора бар. Қытайда ресми түрде 56 этнос ғана танылған. Норвегияда этнос ұғымы мүлдем жоқ. Люксембургта халықтың нәсілін, дінін, шыққан тегі мен этносын сұрауға ты­йым салынған. Италияда да этнос тура­лы мүлде айтылмайды.

Жоғарыда аталған елдердің басым бөлігі санақ жүргізгенде халықты этносқа қарап есептемейді. Мәселен, Франция, Германия, Испания секілді «қарт құрлықтың» басты қозғаушы күші саналатын мемлекеттерде этнос ұғымы жоқ. Онда тек бір ұлт, халық қана насихатталады. Ал Ұлыбританияда халық санағы кезінде тұрғындардың шыққан тегін он шақты санатқа бөліп қарастырады. Олардың қатарында ақ нәсіл, қара нәсіл, британиялық деп кете береді. Қысқаша айтқанда, Тұманды Альбиондағы этнос ұғымы нәсіл түсінігімен астасып кеткен. АҚШ-та да негізгі бірнеше этносқа ғана басымдық беріледі.

Осы орайда Қазақстан азаматтарын бір тудың астына жинап, біртұтас халық қалыптастыруда ресми һәм мем­лекеттік тіліміз – қазақ тілінің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев наурыз айында Қордай ауданына барған сапарында бұл мәселеге де тоқ­тал­ды.

«Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Мемлекет сіздердің мәдениет­теріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе ауыл­да тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды», - деді Президент.

Әрине, Қазақстанда тұрақты тұра­тын әрбір диаспораның өзіндік ерек­шелігіне нұқсан келтіру жайында сөз қозғалмауы тиіс. Олардың бар­лы­ғы өздерінің тілдерінде оқып, қол­да­нуға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқығы бар. Мем­лекет бұған мүмкіндік беріп отыр. Алайда ұлтаралық татулықты сақ­тау­ға, біртұтас халық ретінде «бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол» шығаруға бүкіл диас­­пора мүдделі болуы тиіс. Осындайда бәрімізді біріктіретін қазақ тілі мен қазақ ұлты екені айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, ха­лық­ара­лық аренада Қазақстан халқын «қазақ» деп біледі. Ендеше елдің ертеңі, мем­ле­кет­тің тұтастығы үшін «то­ғы­зын­шы территорияны» мекендеген бүкіл диаспора өкілдерінің бір тудың астына топтасуының бұрынғыдан да өзектілігі арта түседі.

Абай ОТАР

"Egemen Qazaqstan"