ЕЛІМІЗДЕГІ БАРЛЫҚ АЗАМАТ ОТАН ҚОРҒАУҒА ДАЙЫН ТҰРУЫ ТИІС

Уақыты: 07.05.2020
Оқылды: 1043
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу отбасынан басталады. Оған ата-анадан бөлек ұстаздар да қатысып, Отан алдындағы азаматтық борышты атқарудың қасиеттілігін әрбір оқушының бойына сіңіреді. Жетісулық жастардың белсенділігі әрі әскерге барамын деген жандарға қойылар талап жөнінде Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Талғат ДӘУЛЕТХАНОВ әңгімелейді.

– Талғат Жасболатұлы, жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиет қалай өрбуі тиіс?

– Бұл қасиет әрбір қазақстандық өзін осы елдің нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады.

Атап айтар болсақ, біріншіден, еліміздегі барлық азамат ұлтына, нәсіліне, дініне қарамай, Отан қорғауға дайын тұруы тиіс. Екіншіден, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышын өтегендігі үшін көкірегінде мақтаныш сезімі қалыптасуы керек. Үшіншіден, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүюі және құрметтеуі қажет. Төртіншіден, мемлекеттік рәміздерге ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлегені дұрыс. Міне, жастарымыздың бойына осындай шарттарды сіңіргенде ғана отансүйгіштік ұғымының мәні зор болмақ. 

– Аймақта әскерге шақыру жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Қазақстан аумағында коронавирус індетінің таралуына байланысты көктемгі әскерге шақыру тоқтатылды. Бірақ бұл науқанның мүлдем жүргізілмейтіндігін білдірмейді. Егер елдегі төтенше жағдай тұрақталса, жұмысты әрмен қарай жалғастырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 сәуірдегі «Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру» туралы Жарлығына байланысты Қазақстан Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілердің саны анықталып, Алматы облысы Қарасай ауданы бойынша запастағы 78 әскери міндетті азамат арнайы жиындарға шақырылды.

– Оларға қандай талаптар қойылады?

– Президент Жарлығына байланысты еріктілерден көптеген ұсыныс түсуде. Қазір телефон арқылы деректерін жинап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың арасында офицерлер, сержанттар мен жауынгерлер бар.

Бұларға қойылатын талап әрқилы. Бастысы, денсаулыққа байланысты. Ең алдымен, әскери қызметке жарамды болуы керек. Әскери міндеттілерге қойылатын талаптар ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілер туралы» Заңымен бекітілген. Осы Заңға сәйкес запастағы әскери міндеттілер шақырылады. Оның ішінде запастағы офицерлер 60 жасқа дейін, ал жауынгер, сержант құрамындағы әскери міндеттілер 50 жасқа дейін болуы керек. Арнайы жиынға шақырылған азаматтардың жұмыс орны және лауазымы сақталады. Жұмыс істейтіндерге орташа жалақы төленеді, егер жұмыссыз болса олар ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы алады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан түскі және кешкі ас беріліп, әскери киіммен толық қамтылады.

– Ал, енді өз өмір жолыңызға тоқталсаңыз? Әскери салаға қалай келдіңіз?

– Әрбір адамның өз маңдайына жазылған ерекше тағдыры бар. Менің де өмірім ешкімге ұқсамайтын өзгеше бір әлем десем де болады. Балалық шағымнан әскерден келгендердің киіміне қызығатынмын. Бірде ағам кеудеме "Қызыл жұлдыз" төсбелгісін тағып, басыма фуражкасын кигізгенде төбем көкке екі елі жетпей қуанғанмын. Сол сәтте «Отан қорғаушы болу» деген арман санама сіңіп, ел мен жерді қорғайтын, әке-шешем мақтан етер ер жігіт боламын деген шешім қабылдадым. Өсе келе, осы арман ұлғайып, мектепті аяқтаған соң 1992 жылы Алматы қаласындағы И.Конев атындағы жоғары әскери училищеге түстім. 1995 жылы әскери училищені аяқтап, Сарыөзек ауылындағы әскери бөлімде еңбек жолымды бастадым.

– Отбасыңызда  әскери тәртіп ұстанасыз ба?

– Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі десек артық айтқандық емес. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқалай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Жарастық орнаған отбасымда береке-бірлік, татулық, сыйластықтың ұйытқысы зайыбым Эльмира. Эльмира да әскери қызметші. Өмірінің тең жартысын әскери қызметке арнаған ол қазіргі уақытта Қарулы Күштердің зейнеткері. Міне, осыдан кейін де біздің үйде әскери тәртіптің бар екенін айтпаса да білуге болар. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді ғой, тәртіп – тәрбиенің маңызды көрсеткіші.

– Ұлдарыңызды  әскерге жібердіңіз бе? Әлде енді бара ма?

– Әрине, жіберемін. «Отан отбасынан басталады» деген ата-бабалардан қалған қасиетті сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Тереңірек үңіліп, ақылмен ойланып қарайтын болсақ, әрбір отбасы - өз алдына жеке бір Отан. Менің Отанымның бір бөлшегі, жүрегімнің бір бөлігі – ұлдарым! Олардың дұрыс ержетуі, бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін дұрыс қалыптастыру - менің парызым! Әрбір әке ұлдарын әскерге жіберіп, Отан алдындағы борышын өтеуге ықпал етуі керек. Өйткені, әскер адамды көп нәрсеге үйретеді. Әскери қызмет азаматтардың өз елінің, Отанының алдындағы қасиетті борышы саналады. Менің де ұстанымым осындай.

– «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынындағы облыс жастарының жетістігін тілге тиек етсеңіз?

– Жыл сайынғы әскери-патриоттық жастар жиынын өткізудің негізгі мақсаты – әскери қызметті насихаттау, ҚР Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, әртүрлі елдердің жас армияшылары бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. 2017 жылы Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында Алматы облысының жігіттері жүлделі 1-орынды иеленді. «Жетісу тарландары» деп аталған, күші мығым, рухы биік, білікті жастардан құралған команда халықаралық деңгейде өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Сөйтіп, Жетісу жұртшылығының абыройы 16 өңірден шыққан әскери-патриоттық клубтар арасынан асқақтап қайтты.

– Сіз үшін Отан қорғаушылар күнінің маңызы қандай?

– Биыл 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен бірге тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштеріне 28 жыл толады. Бұл күн – қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресін және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығын сипаттайды. Қазақстан өз мемлекеттігін дамытудың 28 жылы ішінде әрдайым еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, заманауи және кәсіби армия құруға ерекше көңіл бөлді. ҚР Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді.

Біздің әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетуде. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптасып отыр.

– Қазіргі атқарып жатқан жұмыс жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Қарулы Күштер және басқа да әскери құрылымдарға жедел мерзімдегі әскери қызметке шақырылушыларды жасақтау және елдегі төтенше жағдай кезінде жергілікті атқарушы органдарының қажеттілігіне сәйкес әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге қажетті іс-шараларды өткізудің дайындығы пысықталуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы