"ҚАУІП ЖОҚ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СУ ДЕҢГЕЙІ НОРМАДАН ТӨМЕН

Уақыты: 09.05.2020
Оқылды: 1065
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Алматы облысы аумағында қыстың жылы болуына байланысты су тасқыны оқиғалары тіркелген жоқ. Десе де, облыстық төтенше жағдайлар департаменті күн сайын жергілікті атқарушы органдармен шаруашылық жүргізуші субъектілердің су тасқынына қарсы жасаған жұмыстарына мониторинг жүргізуде.

Облыс бойынша су тасқыны жағдайын қадағалау мақсатында "Қазгидромет" РМК, "Қазсушар" РМК, "Балқаш – Алакөл су ресурстарын және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік инспекциясы" РММ, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК АҚ және "Қазселденқорғау" ММ қызметтерімен су қоймаларының, өзен бассейндерінің, қар жамылғысының жай-күйі және су тасқындарының өтуі туралы күнделікті ақпарат алмасу қамтамасыз етілді.

Облыс аумағында 407 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде республикалық коммуналдық меншігінде - 122, облыстық коммуналдық меншігінде - 169, жекеменшіктерде - 116. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін түрлі шаралар атқарылуда. Халықты ақпараттандыру үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті телеарна арқылы 17, радиоэфирде 13 сұхбат ұйымдастырды. Ал баспасөз беттерінде 65 материал жарияланды. Үгіт-насихат іс-шаралары шеңберінде облыстың елді мекендерінде 208 рейд, 300 жиын өткізді. Онда су тасқыны кезіндегі іс-қимыл қағидалары бар 20 мыңнан астам жадынама табысталды.

Бүгінгі таңда Алматы облысы аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты. Өзендердегі су деңгейі нормадан төмен. Қауіп жоқ.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі

Сурет - ғаламтордан