АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: "БІЗ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ҚАШАНДА МАҚТАН ЕТЕМІЗ!"

Уақыты: 07.05.2020
Оқылды: 1073
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Құрметті Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері және жетісулықтар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Осыдан 28 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылып, олар тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Отан – қашанда патриотизмнің қайнар көзі. Ұлы Даланың тарихында елжандылықтың, атамекенін сақтаудың, елге қорған болудың қалыптасқан жарқын үлгісі көп. Оны бүгінде әскери қызметшілердің барлық әскер тектері лайықты жалғастыруда. Бұл даңқты жол Ұлы Отан соғысында, шекара күзетінде, Ауған жеріндегі соғыста, «Қазбат» бітімгершілік батальоны мен бүгінгі күні қоғамдық тәртіптің сақталуын, қалалар мен елді мекендеріміздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери қызметінде де көрініс тапты.

Бүгінгі күні Бас әскери Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен армиямыз өзінің кәсібилігін, жоғары жауынгерлік дайындығын нықтап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, әскери міндеттерін мінсіз атқаруда. Әсіресе, қазіргі індетпен күресте қорғаныс саласы ерекше белсенділік танытып келеді. Осы мерейлі мерекені пайдалана отырып, барлық әскери сала қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамыз. Отан қорғаушыларды біз қашанда мақтан етеміз!

Мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, ашық аспан, еңбекте табыс, отбасылық бақыт тілеймін. Барлық азаматтарды біріктіретін ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, татулық пен келісім, Отанға деген адалдық әрқашан айнымас темірқазығымыз болсын!

Отан қорғаушылар мерекесі құтты болсын!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі

Сурет - ғаламтордан