СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? МАМАН ҰСЫНҒАН СЕГІЗ КЕҢЕС

Уақыты: 10.05.2020
Оқылды: 9604
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Күн ұзарып, ауа температурасы көтерілетін көктем мезгілін кім жақсы көрмейді дейсіз? Әрине, жер көгеріп, жыл жаңаратын бұл уақыттың өзіндік әсемдігі бар, бірақ  ауыртпалықтары да жетерлік. Солардың бірі – су тасқыны.

Су тасу – қардың еруі, жаңбыр салдарынан немесе су өткізуші бөгеттердің бітелуі салдарынан өзен, көлдердің су мөлшері көтеріліп, біршама аумақты су басып қалуы.

Егер күзде топырақ көп ылғалданып, қысқы аязда топырақ қабаты қатып қалса, су тасу апаттық жағдайға апаруы мүмкін. Сондай-ақ, көктемгі мұз еруі салдарынан өзен арнасының тар жерлерінде мұздардың жиналып қалып, су ағысын қысып, су деңгейінің көтерілуінен кептелу сияқты құбылыстар орын алады.

Судың тасуы аса қауіпті құбылыс, себебі, су массасының гидравликалық соққы жасауы, яғни, қатты жылдамдықпен ағып келе жатқан мұздар, түрлі бөлшектер мен қалқып жүрген құралдар құрылыс нысандары мен ғимараттарды қиратуы мүмкін. Жан-жануарлар мен адам шығыны да орын алып жатады.

Сол себепті көктемгі су тасу маусымына дайындалған абзал.

Егер сіз тұратын аудан су тасудан жиі зардап шегетін болса, онда су басу аймағының шекарасын, тұрғылықты жерге жақын орналасқан биік жота немесе су басу қаупі жоқ жерлерді және оларға барудың жолдарын анықтап, есте сақтау керек.

Отбасы мүшелерін ұйымдастырылған құтқару жұмыстарының ережелерімен таныстыру қажет. Арнайы сөмкеге жылы киім, медициналық құрал-жабдықтар, құнды заттар, тағам және таза су салып, қайықтар немесе жүзу құралдарын жасауға жарамды материалдардың орындарын есте сақтау керек.

Су тасу кезінде келесідей шара қолдану керек:

- Су тасу қаупі жөніндегі ескерту дабылы берілгенде және құтқару кезінде белгіленген тәртіппен қауіпсіз аймаққа немесе биік жоталарға шығып, өзіңізбен бірге құжаттарды, құнды заттарды, киім-кешек және екі күндік бұзылмайтын тағам қорын алып шығу керек.

- Үйден шығар алдында электр тоғын, газды, ошақтағы отты өшіріп, ауладағы қалқып ағатын заттарды мықтылап бекіту қажет. Уақыт болса, құнды заттарды, киім-кешекті жоғары қабатқа немесе шатырға шығарған абзал.

- Есік-терезені жауып, сыртынан ағаш тақтаймен қағып тастау керек. Құтқару жұмыстары әлі басталмаса, көмек келгенше немесе судың қайтқанынша жоғары қабатта, шатырларда және басқа да биік жерлерді паналаған жөн.

- Апат дабылын дұрыс беру керек: күндіз жақсы көрінетін орамалды ағашқа байлап қол бұлғау, ал түнде жарық сигналымен және дауыспен беру қажет. Құтқарушылар келген кезде асықпай, асып-саспай, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып құтқарушылардың талаптарын орындаңыз.

- Су басқан ауданнан өз еркіңізбен шығуға болмайды, егер біреуге медициналық көмек қажет болған жағдайда су деңгейі көтеріліп келе жатса, жүзу құралына ие болып, жүзу бағытын білу қажет. Өз еркіңізбен шыққан жағдайда апат дабылын беруді тоқтатпаңыз. Суға батып, ағып бара жатқан адамдарға мүмкіндігінше көмек беріңіз.

- Егер адам суға батып бара жатса – оған суға батпайтын, қалқып жүретін заттар (үрлемелі шар, батпайтын заттар) лақтыру қажет. Малтап барған жағдайда судың ағысын ескеріңіз. Егер батып бара жатқан адам өз іс-қимылын қолға ала алмаса, оның артынан келіп шашынан ұстап, жағаға қарай тарту керек.

- Су тасып болғаннан кейін қандай да бір ғимаратқа кірер алдында қауіп-қатер болмауын анықтау қажет. Ғимарат ішін жиналып қалған газдардан желдету керек, және толықтай желдетіліп болмағанша электр жүйесін қосуға болмайды. Электр, су, газ, кәріз жүйелерін тексеру қажет. Мамандардың көмегімен оларды толық қалыпқа келтіргенше оларды қолданбаңыз. Үйдің есік-терезесін ашып, еденнен, қабырғадан лай мен батпақты алып, төледегі суды шығарып тастау керек.

- Суға түскен, батқан азық-түлік заттарын жеуге болмайды.

Есіңізде болсын, барлық шараларды орындаған жағдайда сіз қауіп қатер деңгейін төмендетесіз.

Құрметті жерлестер, сақтықта қорлық жоқ демекші, өміріңізді қауіп-қатерге тікпей, тиісті органдардың хабарламаларына құлақ асуларыңызды сұраймыз. Төтенше жағдай орын алған кезде тәртіпті сақтау, өзіңізді саналы ұстау мен қарапайым техника қауіпсіздігі қағидаларын орындау – сіз бен біздің амандығымыздың кепілі.

Е.АҚСАМБАЕВ,

ҚР ІММ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ «ЖААПБ» филиалы Қапал ӨПБ басшысы

Сурет - ғаламтордан