"ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРҚАТАР ЖҰМЫС НЫСАНДАРЫ ҚАЙТА АШЫЛДЫ

Уақыты: 13.05.2020
Оқылды: 902
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған мәлімдесінен кейін Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері жаңа қаулы қабылдады. «Алматы облысының аумағында үшінші сатыны іске асыру кезеңінде карантин және карантиндік шараларды босаңсыту туралы» қаулыда карантин шараларын жеңілдету шарттары белгіленген. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.

Қаулыға сәйкес, көршілес облыстармен шекараларда блок-посттар, аудандар мен қалалар арасында мобильді посттар жұмысы жалғасады. Сол сияқты санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз жұмысын бастайтын нысандардың тізімі кеңейтілді.

Бұл қатарда алаңы 500 шаршы метрден аспайтын азық-түліктік емес дүкендер, автобөлшектер, құрылыс материалдарын сататын, тұрмыстық химия, тұрмыстық техника сататын сауда орындары бар. Сонымен қатар, күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып ұзақ және тығыз қатынасты болдырмайтын нысандар, құрылыс дүкендері, саяжай құралдарын тарататын дүкендер, оптика (дүкендер), фотосалондар, гүл сататын дүкендер, зоодүкендер, техникалық қызмет көрсету станциялары, автожуу, шиномонтаж, автосалондар, алдын ала жазылу бойынша медициналық бетперде киген келушілерге қызмет көрсететін сұлулық салондары, шаштараздар, бизнес орталықтары (сақтандыру компаниялары, адвокаттың, нотариустың, бухгалтердің және консалтингтің қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және басқа) да жұмысына кірісті.

30 адамға дейін қатысатын жеке және топтық дайындық жасайтын мәдениет нысандары да ашылды.

Типографиялық қызметтер, тігін ательелері, аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, кір жуу және сол сияқты тұрмыстық және электрондық техниканы жөндеу қызметтері кешкі сағат 17:00-ге дейін ашық болады.

- Алматы облысы әкімінің тапсырмасымен аудан және қала ішіндегі посттар алынып тасталды. Бірақ аудан және облыс шекараларындағы блокпосттар өз жұмысын жалғастырады. Алматы облысында карантиндік режим мамыр айының соңына дейін сақталады, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Әуежайлар, халыққа қызмет көрсету орындары да жұмысын бастады. Сол сияқты сағат 10.00-ден бастап 15.00-ге дейін банктік емес ақша айырбастау пункттері де есігін қайта ашты.

Қоғамдық көлік сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, бұл ретте қоғамдық көліктің толымдылығы отыратын орындардың санынан артық болмауы тиіс.

Қаулы күшіне енді. Барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан