"ҰМЫТЫЛМАЙДЫ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНДЫ?

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 878
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, аудан әкімі Жандарбек Далабаев Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Шәріпбай Ұранбековті Жеңіс күнімен құттықтап, шаңырағына барды. Жалпы ауданда бүгінгі күні  7 ардагер бар. 

Шәріпбай Ұранбеков естеліктерінен сыр шертіп, Жандосов ауылында 1924 жылдың 15 маусымында дүниеге келгенін жеткізді.  18 жасында әскери борышын өтеуге шақырту алған. Ал 1943 жылдың мамырында өзі ниет етіп, ұрыс даласына сұранады. Алдыңғы шептегі 402-ші артиллериялық полк құрамында Беларусь майданында болған. Бір жылдан  кейін оң қолынан жарақат алып, Тбилисидегі госпитальға жеткізіледі. Еліне аман- есен оралған соң 1984 жылға дейін қызмет етеді.

Шәріпбай ақсақал өмірлік серігі Гүлжахан Түліпбаева екеуі 3 бала тәрбиелеп, 4 немере мен 3 шөбересінің қызығын көрді. Ардагер қызы Ғалия мен Ерлан немересінің қарауында.

Ардагер атамызға жылы лебізін білдірген Лаззат Махатұлы Екінші дүниежүзілік соғыста апа-әпкелеріміздің көрсеткен жанқиярлық ерліктері мен жаужүректілігін мәңгі естен шығармайтынын, кейінгіге бейбіт өмір сыйлаған Жеңістің біз үшін маңызы айрықша зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  пен об­лыс әкімі Амандық  Баталовтың да жылы лебіздерін жеткізіп, Алғыс хаттар, мерекелік медаль мен сый-сияпаттар табыстады.

Қонақтар ардагерге ұзақ ғұмыр тілеп, тарқасты.     

Еңлік ҚАБДЕШ

Қарасай ауданы

***

Жеңіс күні қарсаңында облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов соғыс ар­дагері Төлеубай Шекті­баевты құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс әкімі  Амандық  Баталовтың құттықтау хатын табыстады.

Төлеубай Шектібаев 1925 жылы  Семей облысында дүниеге келген. 1943 жылы өзі сұранып  майданға аттанады. 1943–1944 жылдары Беларусь майданының құрамында Венгрияның Балатон көліне дейін барады. 1945 жылы Қиыр Шығыс майданына ауыстырылып, 83-ші атқыштар дивизиясымен Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. I дәрежелі Отан соғысы ордені және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Елге оралған соң Семей өңіріндегі шаруашылықтарда зоотехник, экономист, партком хатшысы, кеңшар директоры, ауылдық  кеңестің  төрағасы қызметтерін атқарды. Зейнетке шыққан соң Талдықорған қаласына көшіп келеді.

– Жастардың бәрі сіздерден үлгі алады. Бейбіт күнде өмір сүріп отырғанымыз үшін мың алғыс. Барша елдің атынан басымызды иеміз. Жеңіс күнімен шын жүрегімізбен құттықтап, мықты денсаулық тілейміз, – деген Сұлтан Мырзабекұлы Жеңістің оңай келмегенін тілге тиек етіп, әрбір жауынгердің ерлігі ұмытылмайтынын айтты.

Төлеубай Шектібаев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын арнады.

– Мен соғысты жастай көрдім, майданда оқ пен от кешу өте қорқынышты. Қаруластарымның көбі ажал құшты, аман қайтқанымыз аз. Барлықтарыңа бақыт пен денсаулық тілеймін. Отанды сүйіңдер, – деді ол.

Мәулен ДАНИЯРҰЛЫ

***

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Өтенай ауылында тұратын соғыс ардагері Николай Кононенконы Жеңістің 75 жылдығымен арнайы барып құттықтап, деніне саулық тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын оқып, гүл шоғын табыстады.

Жеңіс Шылбынұлы ардагерге бүгінгі ұрпақ атынан алғыс айтып, майданда көрсеткен ерлігі мәңгі есте қалатынын жеткізді. Сонымен қатар, мерекеге орай әзірленген сый-сияпат – азық-түлік себетін, жетпіс бес жылдыққа арнайы шығарылған кітап пен соғыс жылдары шырқалған әндер жазылған таспаны сыйға тартты.

Николай Николаевич өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Амандық Ғаббасұлына атаулы күнде назардан тыс қалдырмай моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтып, барлық қазақстандықтарға мықты денсаулық, бейбітшілік, береке-бірлік, амандық тіледі.

Николай Кононенко 1925 жылғы 19 желтоқсанда бұрынғы  Андреев ауданы, Лепсі ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті аяқтаған соң Сарқан ауданына көшіп келіп, ұжымшарда жұмысшы болып қызмет етті. 1942 жылы әскерге шақырылып, 1943 жылы 318-полктың курсанты атанды. Кейін 3-ші танк бригадасының командирі болып соғысқа аттанады. Украина, Румыния, Венгрия, Молдавия, Чехословакия, Австрияны азат ету соғыстарына қатысады. Николай Николаевич    I дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

Соғыстан келген соң ағаш ұстасы мамандығын меңгеріп, «Заря коммунизма» кеңшарында бригадир болып еңбек етті. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағын алды.

94 жастағы батыр    4 бала тәрбиелеп-өсіріп, 12 немере, 12 шөбере сүйіп отыр.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

***

Жеңістің 75 жылдығына орай Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев тоқсаннан асқан тыл ардагерлерінің шаңырағына бас сұғып, хал-ахуалдарын бағамдап қайтты.

Алдымен Үшарал қаласының тұрғыны, жасы 96-ға келген Қият Ахметжанованың жағдайымен танысқан аудан әкімі 1924 жылы Еңбекші ауылында дүние есігін ашып, соғыс уақытында Шарсуат ауылындағы «Ынтымақ» кеңшарында балықшы болып еңбек еткен тыл ардагерінің жауынгерлерге байпақ, шұлық, қолғап тігіп, алдыңғы шепке аттандырып отырғанын сұрап білді.

Сегіз құрсақ көтерген батыр ана 18 немере, 40 шөбере мен 2 шөпшек сүйіп отыр. Тағдырдың толқынында шайқалмаған әз әже: «Біз көрген аласапыранды артымыздан ерген ұрпаққа көрсетпесе екен. Тыныштық пен татулықтан асқан байлық кемде-кем. Оны соғыс сұрапылын сезген біздерден артық білетіндер  аз. Ең бастысы, бейбітшілікте желбіреген Көк Туымыздың тұғыры теңселмесін», – деген тілегін жеткізді.

Одан кейін аудан әкімі Еңбекші ауылының тұрғыны Сақыш Асылхановаға ат басын бұрды. Тоқсан төртті алқымдаған әжей әлі де тың. Уақыт сынағы белін қайыстырса да болашаққа деген сенімі, сөзі нық, жанарындағы жалын ұшқыны әлі сөне қоймаған. Тыл ардагері 1926 жылы Жағатал ауылында өмірге келіпті. Соғыс уақытында өгізбен жер жыртып, қолорақпен егін орған әжей Отан үшін от кешкен сарбаздарға септесуде ешкімнен де қалыспаған. 6 баладан 28 немере, 17 шөбере көріп отырған асыл ана: «Талай азаматтардың қанымен, жанымен келген Жеңістің тәтті қуанышын алғаш сезгенімізде көзіміздегі жастың қалай таусылғанын да байқамадық. Мүрдесі майданда қалған әке-бауыр үшін қара жамыла жүріп, Алла берген қуаттың арқасында тылда тынбай еңбек еттік. Соның жемісі – Ұлы Жеңіс. Барша отандастарымды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын», – деген ақжарма ниетін ақтарды.

Артынша қабанбайлық Анастасия Молотягинаға да құрмет көрсетілді. Тоқсан беске келген тыл еңбеккері меймандарға мейірлене қарап,  сияпат үшін алғысын жеткізді. 3 қыздан 10 немере мен 5 шөбере көрген қария «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен тылда тыным таппағандардың бірі. Сол уақыттағы еңбегінің ақысы бүгінгі бейбіт өмір деп түсінетін әже: «Қай кезеңде де берекелі тірліктің тұғыры теңселмесе екен. Өйткені біз соғысты көрдік, аузымызға үзім нан салмастан майдандағы жауынгерлерге жағдай жасау үшін тынымсыз еңбек еттік. Ондай қиын-қыстау кезеңді тәуелсіздік ұрпақтарына бермесін», – деп ізгі тілегімен бөлісті.

Аталған ардагерлерге аудан әкімі Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік медаль, құттықтау хат пен азық-түлік себеттерін табыс етті.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы