ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ТҮН ОРТАСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН ТАҒЫ ДА СУ БАСТЫ

Уақыты: 14.05.2020
Оқылды: 1164
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Түркістан облысының тағы үш ауданында жауын-шашын салдарынан аулаларды су басты. Осыған байланысты су тасқыны бойынша шұғыл штаб құрылды. Бұл жайлы "Қазақпарат" жазды.

Шымкентте де 60 тұрғын үйдің ауласын су басты. Төле би ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, 4 көпірді шайып кетті. Ал Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәліметінше, өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауыл округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар келіп түскен.

- Оқиға орнына Қазығұрт ауданы төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, Алтынтөбе ауыл округі мен Қаржан елді мекенінде 2 үй, 1 емхана, 1 дәріхана, 2 қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал, Жігерген ауыл округі бойынша 30 үйдің ауласына су кіргені және 4 қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4 үй, 1 мешіттің ауласына су кіргені анықталған. Көкібел су қоймасының толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасының 133 адамы мектепке эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6 техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде , - делінген ресми хабарламада.

Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, Төле би ауданы, Киелітас ауылдық округі Сұлтан-Рабат ауылы, Сауран көшесінде және Достық елді мекені, Жылқыбаев көшесінде нөсерлі жаңбырдың суы 77 тұрғын үйдің ауласына кірген. Тұрғындар Ленгер қаласындағы №8 колледжге жайғастырылып, тиісті заттармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, Көксәйек ауылдық округінің №9 колледжінде эвакуациялық бөлімше әзірленген.

Оқиға орнында жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметкерлері жұмыс істеуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"