"ХИМИКАТ СЕБЕПШІ": ІЛЕДЕН ТАБЫЛҒАН ӨЛІ БАЛЫҚТАРҒА ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 16.05.2020
Оқылды: 983
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле өзенінде мөңке мен ақ амур балықтарының қырылу дерегі тіркелді. Ал бұған мамандар газ режимінің дұрыс болмауы себеп екенін анықтады. Бұл жайында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық испекциясы инспекторлары Іле өзенінде браконьерлік фактілерді анықтау және олардың жолын кесуге бағытталған шолғындау шараларын жүргізген.

Рейд барысында Д.Қонаев атындағы көпір аумағынан өлі балықтарды тапқан. Өлген мөңке және ақ амур балықтарын сырттай қарау барысында олардың қабыршақтарының өзгергені анықталған. Осыдан кейін инспекторлар барлық мүдделі мемлекеттік органдарға хабар беріп, 201 келі мөңке және 152 келі ақ амур балығын жинап алған. Сонымен қатар, судан және балықтан сынама алынып, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Балқаш филиалына жіберілген.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Балқаш филиалы қорытындысына сәйкес, балықтардың қырылуына арналардың ішіндегі ағынның болмауы, газ режимінің қанағаттанарлықсыздығы, улы химикаттар себеп болған. "Иммунитеті әлсіз балықтар арна ішінде жүрген кезде өліп қалған. Кейбір балық синэргазилезге шалдыққан", - деп атап өтеді комитеттен.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының инспекторлары балық пен су сынамасын зертханалық зерттеу жүргізу үшін Алматы қаласына да жіберген. Ұлттық ветеринария жөніндегі референттік орталықтың Алматы филиалы қортындысына сәйкес, зерттелген сынамалардың құрамында кадмий, сынап, қорғасын, күшәла сынды улы элементтер, цезий-137 және стронций-90 сынды радионуклидтер деңгейі шекті нормадан аспаған. "Бүгінде аталған учаскеде балықтардың қайтадан қырылуы анықталған жоқ", - дейді ведмоство өкілдері.

"ҚАЗАҚПАРАТ"