"ЖЫЛДА ЕГІЛЕДІ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛМА БАҒЫНЫҢ АУМАҒЫ ҰЛҒАЯДЫ

Уақыты: 23.05.2020
Оқылды: 1963
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұлы даланың жеті қырының бірі – Қазақстанның алмасы. Оның «тарихи отаны» асқақ Алатаудың баурайы екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Биік тауымызда өскен алмадан тұқым алынып, будандастырылып, Ұлы Жібек жолы бағыты арқылы жер жүзіне таратылған. Соған орай әлемдегі алма атаулының арғы атасы Сиверс алмасының отаны Қазақстан саналады. Осындай дәмді жемістің атына байланысты оңтүстік астанамызға да Алматы деген атаудың тегін берілмегені анық.

Бүгінде аталған салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Оған жеке шаруа қожалықтар мен орман шаруашылықтарының көңіл бөліп, алма ағашын өсірумен айналыса бастағаны дәлел. Осы бағытта қазір ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Солардың бірі Алакөл ауданының «Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мекеме Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, яғни, 1947 жылы ақпан айында құрылған.

Десе де, бұл мекеменің тарихы одан әріде жатыр. 1936 жылдың тамыз айында Андреевка ауданаралық орман шаруашылығы болып бірінші рет ұйымдастырылып, құрамына Алакөл мен Сарқан орман шаруашылықтарының орман қоры жерлері енді. Ресей патшалығы кезінде бұл жақта орман күзетінің болғаны да айтылады.

Осыған байланысты «Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерікжан Бекпаев тұқымбақ жайлы әңгімелеп берді. Шағын шаруашылық жұмысымен де таныстырды.

Тұқымбақ 2014 жылы Үйгентас өңірінің Майлышат ауылында ашылған. Көлемі алты гектар жерді алып жатыр. Аумағы тұтас қоршалып, сай ішінен суару жүйесі жасалған және бұған арнайы жол мен көпір салынған. Аталған жұмыс Үйгентас орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен, жұмысшыларының күшімен іске асырылыпты.

Қазіргі кезде тұқымбақта әр түрлі ағаш көшеттері бар. Олар 9.0 мың түп гибридтік терек, 500-ден аса қайың, 37.0 мың түп шаған, 1.8 мың түп емен және 6.0 мыңнан аса будандастырылған алма ағаштары мен 4.0 мың түп сібір, 2.0 мыңға жуық шренка шыршалары. Орман қоры жерлеріндегі отыз гектар алқапқа жылда Сиверс алма ағашы егіледі. Оған кейінгі жылдары мыңдаған алма ағашы мен қарағай көшеттері жұмсалған.

2017 жылы тұқымбақта бір үйдің құрылысы басталып, былтыр бұл жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарына қолданылған бұйымның бәрі мекеме иелігіндегі қаражат есебінен жасалған. Жылда он екі адам мерзімдік жұмысқа қабылданып, арнайы бригада құрылады. Олар орман және тұқымбақта екпе мен көшет өсіру жұмыстарымен айналысады. Өткен жылы тұқымбақтан 205.0 мың түп Сиверс алма ағашы егілімдері, 20 мың түп қарағаш, 11.0 мың түп терек көшеті, барлығы 236.0 мың түп қазылды.

2018 жылдың көктемінде 30.0 мың түп терек, 20.0 мың түп қарағаш көшеті Кеген, Жоңғар, Алакөл, Шелек, Қаскелең, Талдықорған орман шаруашылығы мекемелеріне, Алматы, Астана, Шымкент, Сарқан, Жаркент қалаларына және ауданымыздың елді мекендерін көгалдандыруға ақылы қызмет негізінде бір жарым миллион теңгеге босатылды. Тұқымбақтың үлгілік бөлімшесінен 12.0 мың түп алма ағашы егілімдері мен 11.0 мың түп терек қалемшелері дайындалып, егілді. Қырғызстаннан 500 түп қырым қарағайы, 300 түп бозарша, 300 түп көгілдір шырша көшеттері алынып отырғызылған. Ал 2.0 мың түп терек аналық бөлімшеге қондырылды.

2018 жылдың жазында Сарқан ауданынан «Кандиль Синап», «Апорт», «Ранет» алма ағашы сорттарының қалемшелері алынып, 16 мың түп алма ағашы будандастырылды. Биыл тағы 30 мың түп алма ағашын будандастыру жоспарланып отыр. Кейіннен тұқымбақтағы жұмыстарды азайту үшін тұқым себетін, жер қопсытатын агрегат, көшет қазатын соқа сияқты шаруашылыққа қажетті құрал-машиналары көмегін тигізген. Арнайы есеп шоттарынан мотоблок алыпты, енді әмбебап культиватор сатып алмақ. Мамандар көктемде тұқымбақтағы бір гектар жерге жеміс-жидек екпек және үш жыл болыпты мекемеде голландық сортты картоп өсіріп, өнімін өздерінің қызметкерлеріне тегін немесе төмен бағамен таратады.

Шаруашылықтың негізгі мақсаты – қорын көбейтіп, пайдасын молайту. Сол себепті ашылған тұқымбақтың жұмысы алға басып, мекемеге кіріс әкеледі деген сенімдеміз. Үйгентас өңіріндегі алма даңқын қайта жаңғыртып, алмабағы бар шаруалар орман шаруашылығы мекемелерімен бірігіп, тығыз байланыста болса екен дейміз.

Мәселен, өткенді еске алсақ, бұл өңірде 1970–1980 жылдары жалпы 2 мың гектар көлемде алмабақ болған, соның 1300 гектары алма ағашының жемісін беретін бақтар еді. Қазір олар тозды. “Сол бақтарды қайта қалпына келтіріп, алма ағашы көшеттерімен жаңартса, Үкімет те субсидия бөліп, шығындарын өтеп берер еді”, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары.

Кезінде бізде Лепсі орман шаруашылығында алма өңдейтін цех, Қабанбайда (Андреевка) алма мен жеміс-жидек қабылдайтын қойма бар еді. Қазір соның бірі де қалмады. Үйгентас өңірінің таулы жерлері құнарлы, оны шаруа қожалықтарының еңбеккерлері де біледі. Олар осы алмабақтарымен шұғылдануда. Ескі алма бағына жөндеу жүргізіп, жаңадан алмабағын ашуда. Сондықтан, олардың ісіне сәттілік тілейміз.

Амангелді БЕЙСЕНБИНОВ

Қабанбай ауылы

Алакөл ауданы