ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНА 10 КҮНДЕ БІР РЕТ ДЕЗИНФЕКЦИЯ ЖАСАЛАДЫ

Уақыты: 29.05.2020
Оқылды: 794
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында күн санап коронавирус індетін жұқтырған адам саны артып келеді. Алматы облысы бойынша жұқтырғандар аз уақытта 300 адамнан асып кетсе, оның 60-тан астамы Талдықорған қаласында тіркелген. Сондықтан, дезинфекция жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қайта күшейтілді.

ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен және Алматы облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысымен залалсыздандыру жұмысына әскерилер жұмылдырылды. 18404 әскери бөлімінің қызметкері, лейтенант Рамазан Бағаналиев:

- Бір күнде 80-ге жуық көпқабатты тұрғынүйге дезинфекция жасадық. Таң атқаннан кеш батқанша халқымызға қалтқысыз қызмет етуге әзірміз. Бірлік арқылы бұл сыннан да сүрінбей өтетінімізге сенімдіміз, - деді.

Облыс орталығын залалсыздандыруға «Талдықорған Көркейту» ЖШС тарапынан арнайы көліктер бөлінді. Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің подъезі, ауласы, балалар алаңының барлығы тазаланып тұрады. Бұл туралы айтқан Талдықорған қаласының тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы Сержан Құрманбаев:

- 27 сәуірден бастап әскери қызметшілермен бірігіп, күнделікті дезинфекция жасалып жатыр. Натрий гипохлориді ерітіндісін белгіленген мөлшермен суға қосып, шашудамыз. Бір күнің ішінде қаланың "Шығыс" шағынауданы, 9-алаң, “Қаратал” шағынауданын залалсыздандырдық, - деп осыған дейін үш мәрте қала толық тазаланып, жоспар бойынша 10 күнде бір мәрте дезинфекция жасалатынын хабарлады.

Күннің ыстығына қарамай арнайы киім киіп, құрал-жабдық асынған әскери қызметкерлер бар күш-жігерін сарп етіп еңбек етуде. Әсіресе, адам көп жүретін жерлер, қоғамдық көлік пен мекемелерге ерекше көңіл бөлінген.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - автор

Алматы облысы