ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТЕ МЕКТЕПТЕГІ ЗАҢСЫЗ АҚША ЖИНАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 03.06.2020
Оқылды: 1061
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық әкімдігінде селекторлық режимде жиын өтті. Онда алдымен мектептегі ақша жинау мәселесі қозғалды. Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың төрағалығымен өткен жиында одан бөлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлық, аттестат тапсыру, мектептердегі ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары секілді күн тәртібіндегі мәселелер де қаралып, салаға жауапты мамандар мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев алғашқы болып баяндама жасады.

Ол биыл мектеп ұстаздарының үстінен ата-аналардан бірқатар шағым түскенін, себепсіз ақша жинайды деген сөздің желдей есіп, көрсеткіші не себепті жыл сайын төмендемейтінін тілге тиек етіп, онлайн түрде өткен биылғы оқу жылында кейбір шаралар мен мектеп қажеттілігіне деген желеумен ата-аналардан «Каспий голд» жүктемесі арқылы заңсыз қаражат жиналғанын атап өтті.

Ата-аналардан мектеп қажеттілігіне деп, салтанатты шаралар мен атаулы мерекелерге деп қаржы талап ету заңсыз екендігін қатаң ескерткен Жандос Сағындықұлы бұл жайт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, әрбір жөнсіз істің сұрауы, әрбір қиыс жүріс қатаң бақылауда болатынын көптің есіне салды.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жыл сайын ұлағатты ұстаздардың еңбекақысы көтеріліп жатқанын, Мемлекет тарапынан ұлағатты жандарға үлкен қолдау білдірілетінін, сол себепті елімізде ата-аналардан ақша жинау салдары мүлдем болмау керектігін айтып, ондай ақпардың шығуына себепші кейбір жандардың жөнсіз әрекетіне тоқталды.

Заңғар бабалардың ұрпақ тәрбиесіндегі озық үлгілерін бүгінмен байланыстырып, көсемдер мен шешендердің тағылымынан сөз қозғаған облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Қыдырбаева сыбайлас-жемқорлық әрекеттері қауіпті рухани індет екенін ел келешегі – жеткіншектердің санасына сіңіру керектігін жеткізді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова аттестат тапсыру салтанаты жайлы айтып өтіп:

– Короновирус пандемиясына байланысты түлектер дизинфекция тунелінен өтіп, сақтық шараларын сақтап, арнайы бетперде киіп, ҰБТ тапсыратын болады. Облыс бойынша сынақ таспыру пунктінің саны – 16. Жалпы, биыл 15 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, соның 75 пайызы, яғни, 11585-і Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет білдірді, – деді.

Білім басқармасының басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеуге жан-жақтылы сақадай-сай екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, жазғы маусымда өңір мектептерінде жүргізелер ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына, жауапты компаниялардың әзірлігі мен даярлығына тоқталып өтті. Аталған сала бойынша Алакөл ауданындағы мектеп дәретханаларына жөндеу жұмысын жүргізуді мойнына алған компанияның келісімнен бас тартқанын айтып, бұл жайтқа байланысты өзге компаниялар қарастырылып жатқанын баяндап өтті. Басқосуда білім саласына қатысты басқа да күрделі мәселелер талқыланды.

Жиын соңында Батыржан Құлаймергенұлы жауапты мамандарға, аудан әкімдері мен білім бөлімдері басшыларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тапсырма жүктеп, егемен елдің ертеңін қалыптастырар білім саласында ақау, кемшілік деген болмауы керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, жиында өріс алған мәселелер шешімін табатындығын тілге тиек етті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы