"ҚОШ, МЕКТЕБІМ!" АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 15 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕККЕ АТТЕСТАТ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 03.06.2020
Оқылды: 962
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір адам үшін өміріндегі ұмытылмас сәт мектеп бітіріп, алтын ұямен қоштасқан кезі десек қателесе қоймаспыз. Биылғы түлектер үшін елмізде орын алған індетке орай мектеп бітіру кеші кең көлемде өткізілмесе де, әрбір білім ошағында аттестат тапсыру шаралары ұйымдастырылды. Алматы облысы бойынша 15 мыңнан астам оқушы мектеп бітіруде. Олар үшін салтанатты түрде Соңғы қоңырау соғылып, ұстаздары ақ тілекпен жаңа өмір жолына шығарып салды. Сондай бір шара - Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінде де өтті.

Соңғы қоңырау салтанатына Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысып, аймақтағы білім ошақтары қатарында №20 лицейдің мәртебесі жоғары, дарынды балаларды даярлауда ұстаздар еңбегінің зор екенін атап өтті. Биылғы мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, осында алған білімдерін дәлелдеп, әрқайсының бір-бір грант иегері болатынына сенімін білдірді.

Бүгінгі таңда лицейді 36 түлек тәмамдап отыр. Олардың әрқайсысы халықаралық, республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері, Алты түлек «Алтын белгі», тоғыз оқушы «Үздік аттестат» иегері. Лицей директоры Сәлима Мәмлеева да үздік жетістіктерімен қуантып жүрген оқушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Құрметті түлектер, бүгін сіздер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт. Қимас мекен, алтын ұяға айналған лицейдегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ бастыңыздар. Лицей қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін. Лицей – ол болашақтың балауса сәттерінің куәсі болған, балдәурен бала шақтан арман толы болашаққа жетелер білімнің алтын шамшырағы. Лицейіміздің өркендеуіне өз үлесін қосқан түлектерімізді мақтан тұтамыз. Барлығымыз үшін биылғы оқу жылының соңғы тоқсаны  ерекше жағдайда өтті. Қашықтан оқыту кезінде ата-аналар қауымы ұстаздармен бірлесіп, жұмысты дұрыс ұйымдастыруда ерлік таныттыңыздар. Қиын кезде балаларға тіреу болып, өлшеусіз еңбек еттіңіздер. Сіздердің  қолдауларыңыз үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын! Ал, түлектерге ақ жол тілеймін, біз артқан үмітті ақтайды деп сенемін, – деді.

Бұдан соң түлектерге салтанатты түрде аттестат тапсырылып, Соңғы қоңырау соғылды. Мектеп бітірушілерден естелік ретінде тал егіліп, білім шаңырағының көркіне көрік қоса түсті. Ұстаздары болса қимастық көңілмен түлектерін шығарып салды.

Көңіл толқытар шара М.Арын атындағы №24 дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы лицейінде де аталып өтті. ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, лицей директоры Мариям Галиева аталмыш оқу ошағының былтырдан бері еліміздегі ең үздік он мамандандырылған мектептер қатарына еніп отырғанын, математика пәні бойынша да еліміздегі дарынды мектептердің ішінде 27 орынға ие екендігін мақтанышпен атап өтті.

– Қадірлі түлектер, бұл лицейде сапалы білім, саналы тәрбие алдыңыздар. Соның дәлелі көптеген олимпиадаларда топ жарып, лицей беделін арттырдыңыздар. Қаншама жетістікке қол жеткіздіңіздер. Ол ең бірінші ұстаздың арқасы. Өздеріңе білім берген ұстаздарыңды, өмірге қанат қақтырған осынау лицейді ұмытпайсыздар, әрдайым жүректе сақтайсыздар деп сенемін. Алдағы үлкен  өмір жолында тек сәттілік тілеймін, – деді.

Осыдан кейін лицейді үздік тәмамдап жатқан түлектердің кеудесіне жарқырата «Алтын белгі» тағылды. Мектеп бітіру аттестаты табыс етілген түлектер сән-салтанатпен үлкен өмірге қарай қанат қақты.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы