Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"МӘЖБҮРМІЗ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТТЕР ҚАЙТАДАН ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 07.06.2020
Оқылды: 1058

Алматы облысында сауда үйлері қайтадан жабылады. Басқа да іс-шараларға да тыйым салынады. Сонымен бірге, қоғамдық көліктер таңғы және кешкі уақытта ғана жүретін болады. Бұл туралы "Жетісу медиа" ақпараттық алаңында Алматы облысының бас санитариялық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовпен өткен баспасөз мәжілісінде айтылды.

Алматы облысында коронавирус жұқтырушылардың саны күннен-күнге артып келеді. Сондықтан, аймақтың бас санитары карантин режимін қайта енгізіп, сақтық шараларын күшейтуге мәжбүр. Бас санитар көшеде, аулада жүргенде әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтап, жеке қорғаныш құралдарын қолданып жүруге кеңес берді.

Қазіргі таңда облыста қауіпті індетпен ауырғандар 400 адамнан асып кетті. Соңғы аптада аймақта вирус жұқтыру деңгейі 4,5 пайызға дейін өскен. Карантин режимін босаңсытпай тұрғанда бұл көрсеткіш 2,5 пайыздан аспаған еді. Санитарлық талаптарды сақтамағаннан аймақта жағдай қайта ушыға бастаған.

- Мен Алматы облысының бас санитариялық дәрігері ретінде мынаны мәлімдегім келеді: Алматы облысында карантиндік режимді қайтадан енгізуге мәжбүрміз. Яғни, қалалар мен аудандар арасында санитарлық постар қайтадан орнатылады. Жекелеген сауда үйлері мен нысандардың жұмысына, қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Қанша жерден ескертіп жатсақ та, қоғамдық көлікте бетперде тағу, тек орындықтарға ғана отыру талаптары орындалмай жатыр. Автобустарда түрегеп тұруға тыйым салынғанын ешкім елеп жатқан жоқ, - деді Алматы облысының бас санитары.

Қазіргі таңда облыста құрамында құзырлы мекеме өкілдері, әкімдік, санитария қызметкерлері бар мобильді топ жұмыс істейді. Олар тұрғындардың карантин талаптарын қаншалықты сақтайтынын қадағалайды. Ал карантин режимін бұзғандарға айыппұлдар қарастырылған. Айыппұл көлемі - 5-тен 500 айлық есептік көрсеткішке дейін.

- Бүгінде Қапшағай су қоймасының жағалауын ашу жоспарын да тоқтатып отырмыз. Өйткені, бұл өңірде де вирус жұқтырушылар саны өскен. Шамамен 9 пайызға дейін жеткен. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Бұл шаралардың бәрін өңірдегі вирустың таралуына байланысты қайта күшейтуге мәжбүрміз, - деді Қайрат Баймұхамбетов.

Айта кетейік, Алматы облысында, өңірлерде дезинфекция жұмыстары ұдайы жүргізіліп, көпқабатты үйлердің аулалары залалсыздандырылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"