"ТОҒЫЗ СУДЬЯ КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚТЫ": ОБЛЫСТЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 10.06.2020
Оқылды: 2484
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық соты коронавирусқа байланысты карантинге жабылды. Осыған байланысты Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыровпен жедел сұхбат әзірленді.

- Еліс Нұрқасымұлы, облыстық соттың карантинге жабылғаны туралы белгілі болды. Бұл қандай жағдайға байланысты орын алды?

- Қазіргі уақытта, өзіңіз білетіндей, төтенше жағдай режимі алынды, бірақ карантиндік шаралар сақталуда. Карантинді енгізу, күшейту немесе әлсірету туралы шешімдердің барлығы Алматы облысы мен Талдықорған қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің Қаулыларына негізделген.

Өкінішке қарай, тестілеу нәтижелеріне сәйкес, облыстық соттың 9 судьясында "COVID-19" инфекцияна шалдыққаны анықталды. Менің әріптестерім дәрігерлердің жіті қарауында оқшауланған. Карантин режимі 2020 жылдың маусым айының 8-і мен 19-ы аралығына енгізілді.

- Вирусты сот қызметкерлерінің арасында жұқтырмауды алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүргізілуде?

- Коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу үшін Алматы облыстық сотының ғимараты жабылды. Облыстық соттың барлық қызметкерлері  жетікүндік үй карантиніне оқшауланды. Қызметкерлердің негізгі бөлігі онлайн режимдегі қашықтан жұмыс істеу форматына ауысты. Сот істерін қарау кейінгі уақытқа шегерілді. Барлық сот қызметкерлері 9 маусымда тестілеуден өтті. Сот ғимараты 2 реттік санитариялық өңдеуден өтіп, басқа да қосымша шаралар атқарылуда.

- Облыстық соттың жабылуы аудандық соттардың жұмыстарына қалай әсер етеді? Сот істерін қарау қалай жүзеге асырылады?

- Облыс соттары Жоғарғы Соттың ұсыныстарын орындауда. Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы А.Садуақасовпен БАҚ-та түсініктеме берілген болатын.

Аудандық соттар карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып штаттық режимде жұмыстарын жалғастырады. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар күшейтілді, сот отырыстары қашықтықтан қаралады, соттар ғимаратына кіруге тыйым салынады, барлық құжаттар тек электронды түрде қабылданады. Сот төрағаларына санитарлық дәрігерлердің белгілеген талаптарын орындау ұсынылды.

- Қазіргі жағдайда көбіне қандай санаттағы істер  қаралады?

- Қазіргі уақытта карантин кезеңінде облыстық сотпен Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 107-бабы бойынша материалдар, яғни, тергеу судьясының шығарған қаулыларына прокурордың өтінішхат беруі, шағым келтіруі кейінге қалдырылмай қаралады.

Барлық қалған санаттағы, облыстық соттың өндірісіндегі істер уақытша тоқтатылып, кейінге қалдырылды. Істерге қатысы бар тараптар бұл туралы хабардар.

Осы сәтті пайдалана отырып, облыс тұрғындары мен әріптестерімнен санитарлық дәрігерлер белгілеген талаптарды қатаң әрі бұлжытпай орындауларын сұраймын. Әріптестеріме тезірек сауығып кетулерін тілеймін, барлықтарыңызды жұмыста күтеміз!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - ғаламтордан