ҰЙҒЫР АУДАНЫНДАҒЫ ЖАНЖАЛ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 17.06.2020
Оқылды: 2757
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұйғыр ауданында бес жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түскені туралы ақпарат тарады. Өткен аптада ғана бес бірдей қызметкері жұмыстан қуылған Ұйғыр ауданында тағы да ши шықты. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Ұйғыр ауданына шұғыл аттанып, жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізді. Басқосуға облыс әкімінен бөлек, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат НУРАХУНОВ қатысты.

Басқосуда Алматы облысының әкімі Ұйғыр ауданы экономикалық тұрғыда қарқынды дамыған өңірлердің біріне жататынын, мұнда көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асып отырғанын әңгімеледі. Тек бұл ғана емес, ауданда халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған көптеген игі істер қолға алынуда. Амандық Ғаббасұлы басқосуда елдің татулығынан, тыныштығы мен ауызбіршілігінен биік, одан құнды еш нәрсе жоқ екендігін тілге тиек етті. 

Жиын орнынан ақпарат ұсынған Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел мұнда көтерілген барлық мәселеге қатысты хаттама толтырылып, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.

Шұғыл өткізілген жиында ауыл ақсақалдарының да пікірі тыңдалды. Жиынға қатысушылар тарапынан Ұйғыр ауданының атауын ауыстыру мәселесі тағы да көтерілді. Осыған дейін әлеуметтік желілерде, кейбір жекелеген сайттарда бұл мәселе оқтын-оқтын айтылып қалып жататын. Желідегі пікірлердің басым көпшілігінде Ұйғыр ауданының атауын ауыстыру мәселесі көбірек талқыланатын. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде егер Ұйғыр ауданына бұрыннан бар тарихи атаулардың бірі қайтарылмаса, Қордайдағы жағдай қайталануы мүмкін деген пікірлер саны жетіп-артылатын. Аудан мен аудан орталығы - Шонжы ауылының атын өзгертуге байланысты пікірлер осы басқосуда да үлкен маңызға ие болды. Айтылған пікірлердің бәрі хаттамаға толтырылды. Хаттама негізінде алдағы уақытта арнайы шаралар қабылданады.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы пышақталған жігіттердің бесеуі де дін аман екендігін, өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрмағандығын мәлімдеді.

Жиында екі тарап та бейбітшілік пен ауызбіршіліктің басты құндылық екенін жеткізді. Ұйғыр ауданының ақсақалдары да бұл істің өздеріне абырой әкелмейтінін айтты. Себебі, олар осында талай жылдан бері бірге тұрып келе жатыр. Сондай-ақ, бір өңірдің суын ішіп, бір өңірдің топырағында аунап-қунап өскен кешегі балалар, бүгінгі өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған бір-бір шаңырақ иелері.

- Ақсақалдар өздері де үшінші тараптың іріткі салып жүргеніне шағымданды. Осыдан екі жыл бұрын конференция өткенде ауданның атын Қарадала деп, Шонжының атын Әлмерек деп ауыстыру туралы айтылған. Сол мәселе тағы көтерілді. Облыс әкімі бұл ұсыныстардың бәрі хаттамаға толтырылып, содан кейін шешім қабылданатынын ескертті. Ономастикалық заң бойынша оның бәрі орталықта қаралып, мемлекеттік комиссияның шешімімен қаралады, - деді Ғалымұрат Жүкел.

Жиында облыс әкімі халықты ауызбіршілікке шақырды. Соңғы жылдары Ұйғыр ауданының экономикасында оң көрсеткіштер көп. Ауданмен бірге облыстың да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары. «Жұмыспен қамту», «Жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінген қаржының да біраз бөлігі осы ауданға тиесілі. Жобалар рет-ретімен іске асып жатыр. Тұралап қалған құс фабрикасы қайта ашылған. Осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Осындай сүттей ұйыған ауданда екі тарап бір-бірімен жаға жыртысып жатса, ол елдігімізге сын. Әсіресе, инвесторлар өңірге келуден бас тартуы мүмкін. Облыс әкімі жиында осы жағына да баса көңіл бөлу керектігін еске салды.

Алдын ала ақпарат бойынша 16 маусымға қараған түні екі көлік Шонжыдан келе жатып, бір-біріне жол бермей, түсінбеушілік туындаған. Түсінбеушіліктің соңы төбелеске ұласқан. Бұл жастар арасындағы бұзақылық деп бағаланып отыр. Олардың бәрі 1999-2000 жылы туған жігіттер. Облыс әкімінің орынбасары оқиға орнына бірінші барған. Қазіргі таңда құзырлы органдар тиісті тексеру жүргізуде. "Жиылған жұрт бұл мәселеге қатысты өз ойларын білдіріп, келесіде мұндай жағдайға жол бермеу керектігін айтты. Ақсақалдардың айтуынша, жастардың арасында іріткі салу деректері де жоқ емес", - деп толықтырды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдын ала деректерге сәйкес, жанжал Шонжы ауылының Шанхай шағынауданы мен Бахар ауылы жастарының арасында болған. Жарақат алғандарға байланысты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова:

- 15 маусым күні сағат түнгі 23:46-да бес адам пышақ жарақатымен Ұйғыр аудандық ауруханасына түскен. 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалды. 2 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. 1 адам хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта 3 адам аталған аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты, - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы