ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТӨРТІНШІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 26.06.2020
Оқылды: 1543
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Журналистер мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов Алматы облысында белсенді қызмет атқарып жүрген бірнеше тілшіге құрмет көрсетіп, Алғыс хаттармен марапаттады.

- Сіздер төртінші билік өкілісіздер. Елде қандай жағдай болса да, алғы шепте жүресіздер. Халыққа алғаш болып нақты ақпарат таратасыздар. Он екі ай оқиға орны, қауіпті аймақтардан табыласыздар. Біздің сөзімізді, қолға алған шараларымызды халыққа жеткізіп, бағдарламалардың игілігін елдің көруіне себепкер болып жатасыздар. Ал халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайын, түйінді мәселесін бізге жеткізіп, істің оңды шешілуіне негіз болып жүресіздер. Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Қаламдарыңыз мұқалмасын, – деді қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.

Жылына бір келетін мерекеде кез-келген маман өз ісіне есеп береді. Өткен ісіне ойша есеп беріп, алдағы уақытқа жоспар жасайды. Журналистер үшін де кәсіби мерекенің орны бөлек. Еңбегіміздің өнбегін көріп, жаңа серпіліспен қаламымызды ұштайтын сәт. Мақтау қағазы, Алғыс хат ертеңгі күнге ынталандыра түседі.

– Кабинетіме кіріп, алған марапаттарымды қарап, өткен күндерімнің шуақты шақтарын еске аламын. Қайсысын қандай жағдайда иеленгенім, еңбегімнің бағаланған сәттерін ой елегінен өткізіп, көңілімді серпілтемін. Біз берген марапат сіздерге де жылы естелік сыйласын, – деді әкім.

Келесі кезекте журналистер сөз алып, Талдықорған қаласының жыл санап, жайнап, жасарып, гүлденіп келе жатқаны үшін қала басшылығына ризашылықтарын білдірді.

– Бұрын көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарына кемшіліктерді теріп жазатынмын. Бүгінде өңірдің  өмір сүруге жайлылығына күн сайын куә болғандықтан қуанышты сәттерді көптеп жаза бастадым. Адамдарды алдағы бақытты күндерге ынталандыруымыз керек, – деді Алматы облысы бойынша «Время» және «Литер» газеттерінің меншікті тілшісі Сандуғаш Дүйсенова.

Билік пен бұқара халықтың арасына алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегі елеусіз емес. Өңірде қалам тартар жақсы жаңалықтар көп болғай!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы