5 ГЕКТАРЛЫҚ САЯБАҚ САЛЫНУДА

Уақыты: 09.07.2020
Оқылды: 918
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын бақылау мақсатында Алакөл ауданына келді. Жұмыс сапары кезінде ол білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарымен қатар «Алакөл» демалыс орнын дамыту жобасымен танысты.

Сұлтан Мырзабекұлы қант зауыты орналасқан ауылдағы көпқабатты тұрғын үйлер кешеніне балалар мен спорт алаңдарын салып жатқан «Азамат Құрылыс» ЖШС басшылығымен және қызметкерлерімен сөйлесті. Қазіргі уақытта онда 46 адам еңбек етуде, оның 23-і аудандық жжұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылған. Құрылысшылар нысанды шілде айында толығымен тапсырады деп күтілуде.
Қайнар ауылында жарты ғасыр бұрын, яғни, 1973 жылы салынған орта мектеп тозып, күрделі жөндеуді қажет еткен. Ағымдағы жылы қаражат бөлініп, жөндеу жұмысы қолға алынды. Мектеп жаңа оқу жылына дайын болу үшін мұнда 175 адам тынбай еңбектенуде. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 88 адам жұмыспен қамтылған. Сұлтан Мырзабекұлы жұмыстың сапалы әрі белгіленген уақытта аяқталуы тиіс екендігін айтты.
«Алакөл» демалыс орны заман талабына сай қарқынды даму үстінде. Көл жағасындағы инфрақұрылымды жақсарту арқылы еліміздің түкпір-түкпірі мен шетелден келіп демалушылардың саны жыл сайын көбеюде. Оның дәлелі, былтыр айдынды Алакөлге 1 миллион 300 мыңнан астам турист келген. Оның 70 пайызы  Ақши ауылындағы демалыс орындарына тоқтады. 
Жақында бұл жерде аумағы 5 гектарлық саябақ пайдалануға беріліп, ауылдың көркіне көрік қоспақ. Облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов саябақты салып жатқан  «Медспецстрой» ЖШС басшылығына ризашылығын білдірді. Қазірдің өзінде саябақтағы жұмыстың 70 пайызы орындалды. Онда барлық қажетті жабдықтармен қамтылған 46 адам жұмыс істеуде.
«Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы арқылы Алакөл ауданындағы 53 нысанға 591 адам жұмысқа алынған. Бұл жоспардың 99,8 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік нысандарда 30 адам, жол құрылысында 13 адам жұмыс істеуде.
Іссапар кезінде Сұлтан Мырзабекұлы әрбір құрылыс нысанының қатаң бақылауда болып, аталмыш мемлекеттік бағдарламының орындалуы мен көлге келіп демалушылардың жай-күйі назарда ұсталатынын жеткізді.  

Мәулен ӘНЕРБАЙ