ЕЛОРДА КҮНІ: ТЕКЕЛІДЕ 25 МЕТРЛІК ТУ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 04.07.2020
Оқылды: 1521
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласының «Тәуелсіздік» алаңына биіктігі 25 метрлік Ту тұғыр орнатылды. Елорда күні қарсаңында өткен салтанатты жиынға елдегі жағдайға байланысты көп адам қатыса алмады. Есесіне, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде тамашалап, жылы лебіздерін сонда жеткізді.

Мерейлі мерекемен құттықтаған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев:

– Қадірменді, жетісулықтар! Барлықтарыңызды еліміздегі ерекше мереке Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Осындай нысандар ел игілігіне қызмет етсін. Қаламызда бұдан бөлек 6 спорттық алаң ашылып жатыр. Рудничный ауылында жастарға арнап футбол алаңын салып берудеміз. Осы сынды жобалар келешекте де іске аса бермек. Көк байрағымыз биікте мәңгі желбірей берсін, – деді. Мемлекеттік Ту көтеру мәртебесі текелілік жас спортшы, каратэден Әлем чемпионы Асемай Акранбекке бұйырды.

Аталмыш жоба «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. «Нұрғазы құрылыс» ЖШС жүргізген Ту тұғыр орнату жұмыстарын 5 адам атқарды. Оның үшеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етті. Осы күні Төле би көшесіндегі спорт алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бақтияр Әлтайұлы спорт алаңында жүрген балаларға доп тараттып, "Барлығы да сіздер үшін. Ертең чемпион болып, елімізді әлемге танытасыздар. Сондықтан таңнан кешке дейін смартфонда отыра бермей, қанекей, футбол, баскетбол ойнаңдар", – деп кеңес берді. 

Текеліде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында 13 жоба қолға алынған. Оларға бөлінген қаражат сомасы 1 млрд 837 млн 10 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы «Көктөбе» бақылау алаңында биіктігі 12 метрлік Ту тұғыр орнату мен алаң айналасын абаттандыру жұмыстары аяқталып, 12 маусым күні қолданысқа берілген еді.

Қора өзенінің жағалауына күн энергиясынан жарықтанатын шамдар орнату, қала аумағын кеңейте отырып, қалалалық зираттың қоршауын күрделі жөндеуден өткізу секілді жобалар іске асуда. Қазіргі уақытта Текелі қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 99 адам аталған нысандар бойынша құрылыс жұмыстарына тартылған.

Мәулен Әнербай