20 БАС ІРІ ҚАРАНЫ БІРДЕН КҮТІМГЕ АЛАДЫ: БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 22.07.2020
Оқылды: 1316
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жуырда Жамбыл ауданының Сұраншы батыр ауылында ел-жұртты елең еткізерлік іс-шара өткізілді. Нақтырақ айтатын болсақ, аталған елді мекенде 20 бас ірі қараны бірден күтімге алуға мүмкіндік беретін заманауи бордақылау алаңы жұмысын бастады. 


Жалпы, бұл елді мекен атақты Суықтөбе тауының баурайына орналасқан шұрайлы өлкелердің бірі. Кезінде Амангелді атындағы қой совхозының орталығы болып тұрғанда осы жерден өрбіген мал өрісіне сыймай жататын. Іргелі шаруашылықтың қарамағында 30-35 мыңға тарта қой, 500-ге жуық ірі қара, 300 бастай жылқы малы болған еді. Ақтылы қой өсіріп, ел ризығын тасытқан еңбек адамдарының арасынан шынайы құрметке бөленген небір озаттар шықты. Солардың ішінде еңбек ардагерлері, орденді аға шопандар Әбдіғұл Егіншібаев, Қайырғали Сегізбаев, Болдырған Қалибекова, Серікбай Сабыров, Нұрлыбек Егіншиевтердің отардан-отар өргізген ерен еңбегін ел-жұрты әлі ұмыта қойған жоқ. 

Сол атақты малшылар  ұрпақтарының  көпшілігі әлі күнге атакәсіпті серік етіп, мал басын жылдан-жылға көбейтіп, өрісті малға толтырып келеді. Өздері жеке шаруашылықтар құрып алған олар жаңа заманның талабына сай ақтылы мал өсіріп, оның ризығын көріп отыр. Сатыбалды Нұрманов, Қайдар Артықбаев, Мұқаметқали Шөйбеков, Жұмағали Шорманов, Ғалел Егіншібаев, Берік Бейсембиев сынды азаматтардың тиянақты тірлігі бүгінде замандастарының қай-қайсысына да үлгі-өнеге болғандай. 

Бір кездегі іргелі шаруашылық ыдырауға шақ қалғанда «Амангелді» кооперативінің төрағалығына тағайындалып, ауыс-түйістен қалған аз ғана мал мен техниканың басын құрап, «Амангелді» шаруа қожалығын құрған білікті басшы, техника тілін жетік білетін бесаспап инженер Сатыпалды Нұрманов ел ризығы болып табылатын жер қорын шашау шығармай бір өзі игеріп, жұрттың үлесін күзгі жиын-терінде жылма-жыл бөліп беріп отыр. 

Бүгінгі шараға солардың бәрі бірдей жиналып келіп, ауылдан шыққан білікті азаматтардың тағылымды ісіне тілектерін айтып, қолдау білдіріп жатты. Жамағатқа жағымды бұл жаңалық «Айбек» және «Өркен», басшылары М. Ізбасаров, М. Шөйбеков, шаруа қожалықтарының  Талап ауылдық округі аумағынан жаңадан салған, 20 бас ірі қараны бірден күтімге алуға мүмкіндік беретін, заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа бордақылау алаңының тұсаукесер рәсімі болатын. 

Салтанатты шараны Талап ауылдық әкімшілігі жастар ісі және ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнұр Карбозова ашып, алаңның  көгілдір лентасын еңбек ардагерлері, атақты шопан Қайырғали Сегізбаев пен ардақты ана Ұлтуған Шойбекова салтанатты түрде қиды. Қазақи салт-дәстүр бойынша шашу шашылды. Жиналған қауым игілікті істің бастамашыларына бірауыздан құтты болсын айтып, ізгі тілектерін арнады.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Қазақ  журналистикасының қайраткері
Жамбыл ауданы