КӨЛІКТІҢ ТЕСІЛГЕН БАЛЛОНДАРЫ ЖЕЛІМДЕЛЕДІ: ЖЕДЕЛ ТЕХНИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Уақыты: 24.07.2020
Оқылды: 1176
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы-Нарынқол күрежолының бойына орналасқан Текес ауылы тоғыз жолдың торабы іспетті. Нақтырақ айтсақ, Сарыбастау мен Қақпақ, Тегістік ауылдарының аудан орталығына баратын басты жолдары Текес ауылына түйісіп жатыр. Даңқ орденінің иегері, батыр майдангер Бейқұтбай Дембаев атындағы орталық көшенің бас жағынан жаңадан ашылған жедел техникалық қызмет көрсету орталығын көріп бұрылған едік.


Техниканың қыры мен сырына қанық ағамыз Жұмабай Түлкібеков Ержандай ұлымен бірлесіп осынау игі шаруаны бастап кетіпті. Целиноград автотранспорт техникумын бітірген Жұмабай ағамыз Жаңа Текес ауылындағы колхозаралық құрылыс мекемесінде ұзақ жылдар бас механик болып жемісті жұмыс істеді. 

– Нарынқол ауылындағы оқу-өндірістік комбинатында шәкірттеріне көлік жүргізу ісінен дәріс беретін ұлым Ержанның тоғыз жолдың торабындағы ауылымыздан осындай орталық ашсақ көптік етпейді деген ұсынысына қарсы келе алмадым. Сосын қаражат көздерін іздестіріп, қаладан заманға лайық электр қуатымен жұмыс істейтін бірнеше қондырғы әкелдім. Басында қолмен де істеген кезіміз болған. Қазір ісіміз жеңілдеді. Соның өзінде де қосымша құрал-жабдықтар керек болып тұр, –  дейді жедел техникалық қызмет көрсету орталығының иесі Жұмабай Түлкібеков.

Игілікті шаруалары үшін үйінің ауласындағы түрлі дүние қоятын шағын мекенжайды пайдаланып отыр екен. Алдағы уақытта жедел техникалық қызмет көрсететін орталықтың жұмысын кеңейтуді көздеп отыр. Халықтың игілігіне қызмет көрсететін бұл орталық үшін ауыл, аудан тарапынан қолдау, көмек қажет. Ұзақ жылға шағын пайызбен несие берілсе шаруалары дөңгелей түспек. 

Көлікке жедел көмек жасайтын орында барлық маркадағы көліктің тесілген баллондары желімделеді. Көмектің барлық түрі көрсетіледі. Баллондардың желін толтыруға мүмкіндік бар. Көліктердің қыр-сырына қанық Жұмабай ағамыз бұзылып келген техникаға да қол ұшын тигізіп жатады. Техника заманында мұндай орталық әр ауылға, әр ортаға қажет. Оған негіз қалап, жаңа жұмыс орнын ашып жатқан жандарға қандай қолдау көрсетілсе де жарасып тұр. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Сурет ғаламтордан алынды