ҚАЗАҚСТАНДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРУ ДЕРЕГІ 18 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ

Уақыты: 04.08.2020
Оқылды: 806
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республикада коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайлары 18 пайызға төмендеді. "Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ айтты", - деп хабарлайды "Қазақпарат" тілшісі.

- 3 тамызда 93 820 науқас тіркеліп, оның 27 597-сі ем алып жатыр. 55 132 адам емделіп шығып, 1 091 адам қайтыс болды. Толықтай алғанда, республика бойынша өткен аптамен салыстырғанда тіркелген жағдайлардың 18 пайызға төмендегені байқалады. 4 апталық карантин кезінде мынадай нәтижеге қол жеткізілді: төсек-орынның босауы 56 пайыз болды. Оның ішінде реанимациялық төсек-орындар 36 пайызға қысқарды. Жазылып шыққандар саны 69,4 пайызға жетті. "Жедел жәрдем" шақыру, оның ішінде, коронавирусқа байланысты шақыртулар 40 пайызға азайды, - деді ол.

Министрдің айтуынша, вирустың репродуктивтік көрсеткіші 24 пайызға, яғни, 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендеді. «Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Қатаң шектеу шараларын енгізгенге дейін репродуктивтік көрсеткіші 1,2 пайыз болған еді. Карантин енгізілген соң 2 аптадан кейін репродуктивтік көрсеткіштің тұрақты түрде төмендеу үрдісін байқап отырмыз», - деді Алексей Цой.

Оның дерегінше, 23 шілдеден бастап инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Бұл көрсеткіш 4 тамызда 0,89-ға дейін қысқарды. «Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда бұл көрсеткіштің 1-ден төмен болғаны маңызды. 4 тамызда репродуктивтік көрсеткіш Ақмола мен Қарағанды облыстарынан басқа барлық өңірде 1-ден жоғары болған жоқ», - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан