ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: БІР АДАМ АУЫР ХАЛДЕ ЖАТЫР

Уақыты: 06.08.2020
Оқылды: 1007
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында жарылыс болды. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

"Әлем Ойл" жанармай бекеті аумағында "Лэнд Крузер Прадо" маркалы автомашина газ сыйымдылығына (4 текше метр) соқтығысып, нәтижесінде, жарылыс болды. Апатты жағдайдан кейінгі жарылыстан "Хундай Туксон" және "Лэнд Крузер Прадо" маркалы екі автомашина, сондай-ақ, 0,07 гектар (700 ш.м) алаңқайдағы құрғақ шөп отқа оранды.

Төтенше жағдай департаменті күштері арнайы құралдарымен өрт ошағы сөндірілді. Өрт оқиғасы 37 минуттың ішінде ауыздықталды.

Оқиға салдарынан 1948 жылы туған "Лэнд Крузер Прадо" маркалы автокөліктің жүргізушісі ауруханаға жатқызылды, ол бірінші дәрежелі күйікке түскен. Денесінің 90 пайызын күйік шалған, жағдайы ауыр. Тағы бір зардап шегуші - 1990 жылы туған май құю стансасының операторы. Ол кеуде қуысынан жараланған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Бұдан өзге жақын маңдағы орналасқан көп қабатты және жеке тұрғын үйлерде зардап шегушілер болған жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан