ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ КОРОНАВИРУС ПЕН ПНЕВМОНИЯ ДЕРЕКТЕРІН БІРІКТІРДІ

Уақыты: 09.08.2020
Оқылды: 1103
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы ПТР тестілеуі теріс көрсеткен пневмония жағдайларын коронавирус деп мойындап, сайтында статистиканы біріктірді. Бұл туралы ақпарат Tengrinews.kz сайтына шықты.

Енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сайтында коронавирус инфекциясы және коронавирустың клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР тестілеуі теріс көрсеткен пневмония жағдайлары бір статистикамен көрсетіледі.

Әзірге соңғы тәуліктегі деректер жаңартылған кестеге енгізілген жоқ. Сондықтан, ұйымның сайтында елде барлығы 105,5 мың инфекция жұқтырған адам тіркелгені жазылған.

 

ДДҰ мәліметінше, елде бір аптада коронавирустан 316 адам қайтыс болған.

Айта кетейік, Джон Хопкинс университетінің сайтында ақпарат әлі жаңармаған. Ал сoronavirus2020.kz ресми сайтында деректер әртүрлі тізімде көрсетілген. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова Қазақстан коронавирус пен COVID-ға ұқсас пневмония бойынша статистиканы біріктіруге дайын екенін, бірақ ДДҰ келісімін күтіп отырғанын айтқан болатын.

Біріккен деректер қазақстандықтарға елдегі COVID-19 таралуының толық жағдайын көруге көмектеседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қоджахметов түсіндіріп өткендей, деректерді күніне емес, апта бойынша салыстыру дұрысырақ. "Сонда карантин аяқталған соң 17 тамыздан кейін не істеу керектігін шешу үшін елдегі жағдайдың нақты қандай екенін көреміз", - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"