ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАБЫРҒАСЫНА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕКТІҢ БЕЙНЕСІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 14.08.2020
Оқылды: 1315
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Танымал тележурналист Бейсен ҚҰРАНБЕКТІҢ оюлы костюммен жылы жымиып тұрған бейнесі Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің бірінде салынып жатыр. Сурет бес қабатты тұрғын үйдің тұтас қабырғасын қамтыған. Сондай-ақ, тұрғын үйдегі Бейсеннің бейнесі ұзақ жыл өзі қызмет атқарған Журналистер үйіне қарама-қарсы тұр.

Қазақ журналистикасының қара нары, өмірден ерте өткен ақ жүрек азаматтың бейнесі көрген адамды бей-жай қалдырмайды. Сурет түрлі түсті бояумен салынуда. Суреттің астында "Қарекет ет, батырым!" деген өзі жиі айтатын сөзі жазылған және қолтаңбасы қойылған.

Журналистердің қызмет орнына қасқая қарап тұрған жарқын бейне бар қазақтың жүрегіне орнағаны даусыз. Осы жылдың 18 мамырында, 49 жасқа қараған шағында ауыр дерттен өмірден озған Бейсен Құранбек талай жанға араша түсіп, әділеттілік үшін күресті. Талай отбасының ауыртпалықтарын бірге көтеріп, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысты.

Игі бастамаға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау танытып отыр. Суреттің авторы - Е.Иманғали. Осыған байланысты "Жетісу" телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы желідегі парақшасына: "Құдай қаласа, "Жетісу" арнасының қапталындағы үйдің іргесінде Бейсен достың бейнесі жымиып тұратын болады! Рустам Али, (облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы) рахмет!" - деп жазды.

Фото - Серік ҚАНТАЙ

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"